ИИДМ қызметкерлері отандық жүк тасымалдаушыларды қолдаудың механизмін заң шеңберінде іске асыруды ұсынды

ИИДМ қызметкерлері отандық жүк тасымалдаушыларды қолдаудың механизмін заң шеңберінде іске асыруды ұсынды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Рамазанова Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұжымымен кездесті. Басқосуға комитет төрағалары, департамент директорлары мен ведомствоға қарасты мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиында министрлік қызметіне байланысты бірқатар мәселелер көтеріліп, оны тиімді шешу жолдары талқыланды. Атап айтқанда, жүк тасымалы, құрылыс материалдарының бағасы, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс және отандық өнеркәсіпті дамыту салаларындағы өзекті сауалдар ортаға салынды.

ИИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Данияр Қоспабаев халық қалаулысынан отандық жүк тасымалдаушыларды қолдаудың механизмін заң шеңберінде іске асыруды сұрады.

«Геосаяси ахуалға байланысты қазақстандық жүк тасымалдаушылардың бәсекеге қабілетсіздігі байқалуда. Бұған көлік нарығындағы шетелдік тасымалдаушылар тарапынан жоғары бәсекелестік пен нақты қолдау шараларының жеткіліксіздігі маңызды фактор ретінде ықпалын тигізуде. Сондықтан да осы тараптағы кәсіпкерлерге қолдаудың тетіктерін қарастыру керек», – деді Көлік комитетінің өкілі.

Ал Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Лаура Садықова «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңды одан әрмен жетілдіру қажеттігін алға тартып, осы тараптағы ұсыныстарын жеткізді.

«Өткен жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданған болатын. Өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында және бүгінгі нарық сұранысын ескере отырып аталған заңға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындауда. Біз бұл тарапта бірнеше ұсыныстар даярладық. Аталған ұсыныстар отандық өнім көлемін арттыруға, экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайтуға бағытталған», – деп атап өтті департамент басшысы.

Сонымен қатар жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, тұрғын үйді сатып алу құқығы мен жалға беру мәселелерін қамтыған сауалдар назарға алынды.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова көтерілген мәселелер бойынша арнайы талқылаулар өткізуге ниетті екендігін жеткізді.