
Қытай Халық Республикасындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстан Респуюбликасының Үкіметі коронавирустың ел аумағына әрі қарай таралуын болдырмау бағытында іс-шаралар қабылдап жатыр.
Осыған байланысты 2020 жылғы 27 қаңтардан бастап Алматы – Нұр-Жолы - Үрімші, Өскемен – Майқапшағай - Үрімші, Жаркент – Қорғас - Құлжа, Аягөз – Бақты - Зимұнай бағыттарында автобус қатынасы уақытша тоқтатылды (екі бағытта барлығы күніне 14 рейс).
Сондай-ақ, ағымдағы жылғы 1 ақпаннан бастап №13/14 Алматы-Үрімші, №53/54 Нұрсұлтан - Үрімші бағыттарында қатынайтын жолаушылар пойыздарының бағдары Достық стансасына дейін қысқартылады (ҚР шекарасы аясында). №103/104 Үрімші - Алматы жолаушылар пойызы қозғалысын Қытай теміржолмен қалыптастыру тоқтатылады. 1 ақпаннан Достық - Алашанькоу, Алтынкөл - Қорғас бағыттары бойынша да темір жол қатынасы уақытша тоқтатылады.
3 ақпаннан бастап Қытай Халық Республикасымен тұрақты әуе қатынасы уақытша тоқтатылады. Екі ел арасындағы тұрақты рейстерді «Эйр Астана», «SCAT» әуе компаниялары (Қазақстан), «China Southern Airlines» және «Air China» әуе компаниялары Нұр-Сұлтан, Алматы және Қытайдың Пекин, Үрімші, Сиань, Санья, Хайкоу қалалары арасында орындап келді.
Осыған орай ағымдағы жылғы 3 ақпаннан бастап аталған рейстерге билет алғандар оны сатып алған жерлері бойынша қайтара алады. Билеттер үшін ақша айыппұлсыз рәсімделіп, толық көлемде қайтарылады. Қалып қойған жолаушыларды елге қайтару үшін Пекин және Үрімші қалаларынан қосымша рейстер ұйымдастырылады.