
Қала көшелерін қардан тазартуға қатысып, #БізБіргеміз хэштегімен видео жариялау туралы артист Тұрсынбек Қабатовтың бастамасы тұрғындар арасында қолдау тауып жатыр. Бұл игі бастамаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдау көрсетіп, «волонтер жылына сай бастама» деп баға бергені белгілі.
Осы орайда бүгін Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері қар басып қалған көшелерді тазартуға кірісті. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қызметкерлері де игілікті істен тыс қалмады. Түскі үзілісті пайдаланып, қолдарына күрек ұстап, Қонаев пен Нұрлы жол көшелерінің бойындағы жүргіншілерге арналған жолды тазартуға атсалысты.