
Ауа райының қолайсыз жағдайы Қазақстанның бірқатар өңірінде сақталып отыр. Жол қызметтері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қозғалыс бөлігін қардан тазарту, көліктерді сүйемелдеу жұмыстарын тәулік бойғы режимде жүргізуді жалғастыруда.
Осылайша соңғы үш тәулік ішінде республиканың бар аумағында «Қазақавтожол» ЖШС күшімен 2400-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылды. Ауа райының қолайсыздығы, желдің күшеюі мен жолдағы жағдайдың нашар көрінуіне орай автомобиль жолдарының 40 учаскесі қозғалыс үшін бүгінгі таңда жабық. Жолдың қозғалыс бөлігін тазарту, көліктерді сүйемелдеу және адамдарды құтқару шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда еліміздің бар аумағында техниканың 671 бірлігі жұмыс істеп жатыр.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жабылуы туралы өзекті ақпарат әлеуметтік желілердегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті мен ««QazAvtoJol» ҰК» АҚ ресми парақшаларында жарияланады. Төтенше жағдай туындаса, жүргізушілер қысқа 1403 нөміріне хабарласа алады.
Жол қызметтері автоәуесқойларды ауа райының қолайсыз жағдайында алыс сапарға шығудан бас тартуға шақырады. Жолдағы жағдайдың нашар көрініп, көктайғақ болған кезде жүргізушілерге жылдамдықты барынша төмендетуге, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтауға және басқа көліктерді озу кезінде барынша абай болуға кеңес беріледі.