
Бүгін, 2020 жылғы 21 қаңтарда «Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов азаматтарды қабылдады.
Министрдің қабылдауына еліміздің әр өңірінен тұрғындар жазылып, өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойды. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары қабылдауға өздері келсе, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан облысынан азаматтар бейнебайланыс арқылы министрмен тілдесіп, ұсыныс-тілектерін айтып, өтініштерін жеткізді. Қоғамдық қабылдау кезінде азаматтар негізінен жол салу және жөндеу, теміржол қызметін жақсарту, тұрғын үй құрылысын дамытуға қатысты мәселелер көтерді. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың қызмет бағыттары бойынша сын айтып, министрлікке шағымдануға мәжбүр болғандарын жеткізді.
Бейбіт Атамқұлов қабылдауға келген барлық азаматтың ұсынысы мен арыз-шағымы назардан тыс қалмайтынын айтты. Министрліктің құзыретіне жататын салалар бойынша көтерілген мәселелерді шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Өзгелері тиісті мемлекеттік органдарға жіберіліп, олардың орындалу барысын тікелей бақылауға алатынын жеткізді.
Үкімет мүшелерінің «Nur Otan» партиясында қоғамдық қабылдау ұйымдастыруы азаматтар үшін мәселелерін айтып, оларды оңтайлы шешуде тиімді құралға айналып отыр. Мұндай шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен тікелей байланыс орнату жөніндегі міндетіне сәйкес келеді.