
«Мемқалақұрылыскадастры» РМК мен М.В. Ломоносов атындағы ММУ аумақтық жоспарлау бойынша өзара тәжірибе алмасты
«Мемқалақұрылыскадастры» РМК-ның ұйытқы болуымен «Қазақстанның аумақтық дамуы» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті. Жиын барысында ресейлік жоғары оқу орнының География факультетінің оқытушылары мен студенттері аумақтық жоспарлау бойынша қазақстандық тәжірибемен танысуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ семинар аясында «Мемқалақұрылыскадастры» РМК қызметкерлері еліміздің аумақтық жоспарлау жұмыстарының циклын әзірлеу және қала құрылысы стратегиясын қалыптастыру тұрғысындағы маңызды ақпараттарымен бөлісті. Атап айтқанда, сала мамандары «Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың 2030 жылға дейінгі бас схемасы», «Қазақстан-2050» стратегиясын ескере отырып, Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын түзету», «Алматы, Шымкент және Ақтөбе агломерацияларын 2030 жылға дейінгі аумақтық дамытудың өңіраралық схемалары» тақырыптарында маңызды мәліметтерді ортаға салды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан астанасын көшірудің орта мерзімді және ұзақ мерзімді салдары мен елорданың дамуын талқылады.