
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кеңейтілген селекторлық кеңес барысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде автомобиль жолдары саласында 2019 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен 2020 жылға арналған міндеттер талқыланды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өткен жылы инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шараларының аяқталғандығын хабарлады. Аталмыш бағдарлама аясында республикалық жолдардың 3 мың шақырымы құрылыс және реконструкция жұмыстарымен, республикалық маңызы бар жолдардың 7 мыңға жуық шақырымы және жергілікті маңызы бар жолдардың 15 мың шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылған.
Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында автомобиль жолдары саласының алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Жоспар бойынша республикалық жол желілерінің 10 мың шақырымы – реконструкция, 11 мың шақырымы – жөндеу жұмыстарымен қамтылмақ. Сонымен қатар, жергілікті жол желілерінің 27 мың шақырымы да жөнделеді деп күтілуде.
2020 жылы құрылыс жұмыстарымен автомобиль жолдарының 4 мың шақырымы қамтылады: «Қарағанды-Балқаш-Қапшағай», «Ақтөбе-Атырау-Астрахань», «Талдықорған-Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай», «Көкшетау-Петропавл-Қорған», «Ұзынағаш-Отар», «Мерке-Бурылбайтал», «Қостанай-Денисовка», «Үшарал-Достық». Осы жылы қозғалысты жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымды құрайтын жол учаскелерінде ашу жоспарланған.
Министрдің айтуына қарағанда, биыл республикалық жолдар желісінің техникалық жағдайын қалпына келтіру және күтіп ұстау үшін жолдардың 1,5 мың шақырымы күрделі және орташа жөндеуден өткізіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 4,3 мың шақырымы жөнделмек.
Жалпылай алғанда, биыл республикалық және жергілікті жолдар желісін жақсарту мақсатында жүргізілетін жол-құрылыс жұмыстарына шамамен 100 мың адам жұмылдырылатын болады. Мұнымен қоса, білікті мамандар тапшылығы бар. Мәселен, жол-құрылыс техникасының жүргізушісі, жүк түсіргіштердің жүргізушілері, бетон және асфальт қондырғыларының операторлары сияқты 2636 маман қажет.
Автомобиль жолдары саласында жобаларды іске асырушы мердігерлік ұйымдардың басшылары кездесу барысында алдағы құрылыс маусымына дайындық жұмыстары, тұрмыстық жағдайлар мен жұмыскерлерге жалақы төлеу мәселелері туралы айтып берді.
Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әкімдері өңірлердің автомобиль жолдары саласындағы жобаларды іске асыруға қаншалықты дайын екендігі жайында баяндама жасады.
ҚР Үкіметінің басшысы елде автомобиль жолдары саласында жобаларды іске асыру бағытында алға қойылған міндеттерді табысты шешу үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
«Биыл автомобиль жолдарының құрылысы бойынша ауқымды жұмыстарды атқару қажет. Алдымыздағы міндеттерді уақытында әрі сапалы орындау, жыл соңына дейін автомобиль жолдарын жаңғыртуға бағытталған негізгі жобалар бойынша қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында құрылыс маусымына алдын ала дайындалуымыз керек», — деді Асқар Мамин.