
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ тәуелсіз директоры, Директорлар кеңесінің мүшесі Ерсұлтан Бектұрғановты 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. Қайырбек Өскенбаев мерейтой иесінің еліміздің өнеркәсіп саласының дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Ерсұлтан Бектұрғанов еңбек жолын Жамбыл облысында оқу-ағарту қызметінен бастаған. Әр жылдары бұрынғы Талдықорған облысы әкімшілігі аппаратының жетекшісі, ҚР Монополияға қарсы күрес комитетінің Талдықорған облысы бойынша төрағасы, ҚР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы сынды қызметтерді атқарған. Сонымен қатар Ерсұлтан Өтеғұлұлы дипломатиялық қызметте, Қазақстан Президенті Әкімшілігінде түрлі лауазымдарда еңбек етті.
Ол – бесінші және алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
«Сіз ғибратты ғұмырыңызда мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында қажырлы еңбек еттіңіз. Жүріп өткен жолыңыз бен қоғам игілігі үшін жасаған ісіңіз өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Қазіргі күнде «Qazindustry» акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры ретінде ел экономикасының дамуына, өнеркәсіп саласының нығаюына өзіндік үлесіңізді қосып келесіз», – деп атап өтті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі құттықтауында.