Бейбіт Атамқұлов Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесті

Бейбіт Атамқұлов Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Президенттік кадрлық резервіне өткен азаматтармен кездесті.

Министр дарынды жастар үшін ашық әрі тиімді әлеуметтік лифт жүйесін құру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылған бұл жобаға қатысқан 13 мыңнан астам үміткердің ішінен 300 ғана Президенттік жастар кадрлық резервіне өткеніне тоқталды. Осы орайда қатаң іріктеуден өтіп, үздік шыққан жастарды құттықтады.

Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтау арқылы білімді де білікті жастарға мемлекеттік басқару жүйесінде және квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерді иеленуге жақсы мүмкіндік жасалып отыр. Яғни, байқау шараларын өткізбей-ақ оларды жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға тағайындауға болады.

Бейбіт Атамқұлов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көпбейінді салалық мемлекет орган ретінде бүгінгі таңда Индустрияландыру, «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» сияқты үш бірдей мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жұмыстарын үйлестіріп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану, өнеркәсіптік қауіпсіздік, қорғаныс өнеркәсібі сияқты маңызды салаларда мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырады. Осы орайда Министр мемлекеттік қызметке елге қызмет ету ниетімен келу керектігіне тоқталып, отансүйгіштік, парасаттылық, кәсібилік сияқты қасиеттерге ие болуы керек деді. 

Кездесу барысында Президенттік жастар кадрлық резервіне енген мамандардың әрқайсысы болашақтағы жоспарымен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін айтты. Министр өз кезегінде жасампаз идеялары бар, жоғары білікті және кәсіби мамандарға әрқашан қолдау көрсетілетінін алға тартып, Министрліктің орталық аппаратынан, Комитеттер мен салалық кәсіпорындардан жауапты лауазымды қызметтер ұсынды. Осы орайда бір шешімге келіп, айтылған ұсынысты қабыл алғандармен жұмыс басталып, әлі де ойланып жүргендер үшін есігі әрқашан ашық екенін мәлімдеді.

Кездесу соңында Бейбіт Атамқұлов жастарға үлкен үміт артылып отырғанына тоқталып, еліміздің игілігі жолында бірлесе қызмет етуге шақырды.