
Бүгінгі таңда көп пәтерлі тұрғын үйлерді негізінен пәтер иелері кооперативтері, басқарушы компаниялар және өзге де ұйымдар басқарады. Және олардың қызметінің ашықтығы мен сапасына қатысты тұрғындардан арыз-шағымдар көп айталады. Сондай-ақ, кейбір үйді тұрғызған компаниялар құрылыс аяқталған соң өздерінің үлестік компанияларын құрып, пәтер иелерінің келісімінсіз үйді басқаруға беріп жатады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі жаңа заңда осы сияқты мәселердің алдын алу үшін кондоминиум нысанын тұрғындардың өздеріне басқаруға мүмкіндік беретін басқару тәсілдері мен формалары ұсынылады.
Ол үшін мүліктің меншік иелері ең алдымен жалпы мүлікті басқару мәселелері бойынша олардың атынан өкілеттілік ететін Үй кеңесі мүшелерін сайлап алуы тиіс. Сосын кондоминиум нысанын басқару формасын таңдайды немесе ол міндетті Үй кеңесіне береді. Яғни, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері басқарудың екі формасының бірін таңдауы керек:
- мүліктің меншік иелерінің бірлестігі (ММИБ) - пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері құратын заңды тұлға;
- жай серіктестік (ЖС) – пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері заңды тұлға құрмай-ақ, тікелей бірлесіп басқару.
Екі түрінде де «бір үй – бір бірлестік немесе жай серіктестік – бір шот» қағидатымен жұмыс істеуі керек. Яғни, олардың жеке ағымдағы және жинақтаушы шоттары болады. Басқарудың мұндай қағидатын нақты көрсетуге қазіргі уақытта пәтер иелері кооперативтерінің бірнеше үйді бірге басқарып, барлығына ортақ бір шот ашуы және үйді күрделі жөндеуге жеке шот ашпайтыны себеп болды. Нәтижесінде бар қаражат бір жерге жиналып, оның мақсатты жұмсалуын бақылау қиынға соғатын. Ал «бір үй – бір бірлестік немесе жай серіктестік – бір шот» қағидаты әрбір үйге жеке қарап, тиісті қаражатты соған ғана жұмсауға мүмкіндік береді.
Әрі қарай ММИБ төрағасы немесе ЖС-тің сенімді тұлғасы, ревизиялық комиссия сайланады. ММИБ төрағасы немесе ЖС-тің сенімді тұлғасы пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің арасынан сайланып, үйді басқару міндетін атқарады және қызмет көрсету субъектілерімен келісім-шарт жасай алады.
Екінші нұсқасы – көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару міндетін басқарушы адамға немесе басқарушы компанияға беру.
Ол үшін пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналыста Үй кеңесінің мүшелерін, ревизиялық комиссияны сайлап, үйді басқару формасын анықтайды немесе оны таңдауды Үй кеңесіне жүктейді. Соған сәйкес басқарушы адам немесе басқарушы компания таңдап алынып, ортақ мүлікке қызмет көрсету жөнінде келісім-шарттар жасау туралы шешім қабылданады.
Заңда басқарушы органның мүліктің меншік иелері алдында тоқсан сайын емес ай сайын есеп беріп отыруы қарастырылған. Және көп пәтерлі тұрғын үйді басқару бойынша шығындардың әр түрін ашып көрсететін ай сайынғы есеп беру формасы бекітіледі.
Бұл шаралар үшінші тұлғалар тарапынан өз қызметтері мен тарифтерін таңуға жол бермей, меншік иелеріне үйді өздерінің басқаруына немесе жалпы шешімге сай жұмыс істейтін үшінші тұлғаны тартуына мүмкіндік береді.