Bek Air ұшағының апатқа ұшырау себебінің негізгі нұсқасы жарияланды

Bek Air ұшағының апатқа ұшырау себебінің негізгі нұсқасы жарияланды

Зерттеудің алдын ала қорытындылары бойынша комиссия әуе кемесінің үстіне мұз қатып қалуын апатқа себеп болған негізгі нұсқа ретінде атады 

  2020 жылғы 10 қаңтарда Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев, сондай-ақ Мемлекетаралық авиациялық комитеттің бас директоры Виктор Сороченко зерттеудің алдын ала қорытындылары жөнінде мәлімдеме жасады.  
 Роман Склярдың айтуынша, мәліметтерді зерттеу барысында комиссия 4 нұсқаны қарастырды: 
- әуе кемесінің коммерциялық жүктемесінің бұзылуы (расталған жоқ);
- метеорологиялық жағдай, желдің қозғауы, бағыттас ағыс және мұз қату сияқты сыртқы факторлардың әсері (бағыттас ағыс ұшу-қону алаңынан кемінде 50 метр қашықтықта солға қарай жылжыған, тиісінше ерекше жағдайдың туындауына әсер ете қоймаған. Дегенмен екі тәуліктей тұрақта тұрған ұшақтың үстіне мұз қатып қалуы ықтимал);
- экипаждың ұшуды басқару техникасындағы қателігі (нұсқа зерттеліп жатыр);
- әуе техникасының ақауы (бұл нұсқа да зерттеліп жатыр, бірақ ұшу алдындағы қозғалтқышты іске қосып, сынау барысында әуе техникасы мен экипаж жұмысына ескертулер болмаған).  
 «Зерттелген метеорологиялық ақпаратты және борттың дербес жазғышының параметрлік мәліметтерінің сараптамасын есепке ала отырып, әуе кемесінің үстіне мұз қатуын апатқа себеп болған басты нұсқа ретінде қарастырамыз. Осы айтылғандарды ескере отырып, Комиссия экипаж бен әуе компаниясы қызметкерлерінің, ұшуға дайындық барысында ұшуды қамтамасыз ететін қызметтің іс-әрекеттерін, сондай-ақ ерекше жағдайдың туындауы мен дамуына толықтай сараптама жасау жөнінде әрі қарай жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр»,-деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.  
 Роман Скляр сондай-ақ әуежай аумағының айналасына заңсыз құрылыс салу мәселелері туралы да айтты. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 
 «2015-2019 жылдары Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары өздерінің қызметтік өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық-қорғау аумағындағы жер телімдерін жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, оның ішінде тұрғын үй құрылысын салуға беру туралы заңсыз шешімдер шығарған»,-деді Р.Скляр.    
Мемлекетаралық авиациялық комитеттің бас директоры Виктор Сороченконың айтуынша, әлемдік тәжірибеде әуе апаттарын зерттеу бірнеше айға созылады, кейде бір жылдан асып кетеді. 
Қазіргі уақытта ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес тұрақты жолаушылар тасымалдаумен айналысатын барлық отандық әуе компанияларына тексеру жүргізіліп жатыр. Оған қоса, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Британияның азаматтық авиация агенттігі және Еуропалық азаматтық авиация агенттігі өкілдерінің қатысуымен Бек Эйр әуе компаниясына тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижелеріне қарай аталған әуе компаниясының әрі қарайғы жұмысы жөнінде шешім қабылданады.