Bek Air ұшағы апатының алдын ала нұсқасы 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін хабарланады

Bek Air ұшағы апатының алдын ала нұсқасы 2020 жылдың  10 қаңтарына дейін хабарланады

2019 жылғы 28 желтоқсанда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Берік Камалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында бүгінгі таңда қабылданып жатқан шаралардың егжей-тегжейі туралы айтып берді. Атап айтқанда, ол бағаның өсуі, авиабилеттерді қайтару және Bek Air ұшағының апатқа ұшырауын тексеру бойынша одан әрі іс-қимыл мәселелерін қозғады.  

Брифингке сондай-ақ ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ Бас директоры Питер Гриффитс, "SCAT" авиакомпаниясы" АҚ дамыту жөніндегі вице-президенті Дәулет Хамзин, "Qazaq Air" қаржы директоры Әділбек Өмірәлиев, "Эйр Астана" АҚ кірістерді басқару жөніндегі директоры Ерболат Байсалықов қатысты.

Бірінші кезекте, Берік Камалиев өз сөзінде Мемлекетаралық авиациялық комитет сарапшысының келгені және қара жәшіктің алынғаны туралы айтты.

"Бүгін ҚР Үкіметінің Вице-Премьері Роман Васильевич Скляр Мемлекетаралық авиация комитетінің төрағасы Татьяна Григорьевна Анодинамен әңгімелесті. Келісімдердің нәтижесінде бүгін кешке Мемлекетаралық авиация комитетінің сарапшысы келеді.

Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істейді. Әуе кемесінің борттық өздігінен жазушылары жедел-тергеу тобымен алынып, ертең оны шешу үшін Мемлекетаралық авиациялық Комитетке (Мәскеу) тапсырылады", - деп атап өтті Вице-министр.

Апат себептерінің алдын ала болжамы үкімет комиссиясымен 2019 жылдың 10 қаңтарына дейін жария етіледі.

Сондай-ақ, Б. Камалиев әуе билеттерінің бағасына да тоқталып өтті.

Оның айтуынша, "Бек Эйр" әуекомпаниясы рейстерінің тоқтатылуына байланысты олардың бағасы көтерілмеген. Орын алған апатқа байланысты тарифтердің көтерілуі туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Айта кетерлік жайт, авиабилеттердің бағасы Жаңа жыл мен демалыс күндері дәстүрлі мерекелерге қарағанда жоғары. Делдалдар арқылы артық төлемді болдырмау үшін жолаушыларға авиакомпаниялардың ресми сайттарынан және тіркелген сату орындарынан авиабилеттерді сатып алу ұсынылады.

"Сонымен қатар, мереке кезінде темір жол көлігінде қосымша вагондар да бөлінетін болады", - деп атап өтті өз сөзінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Берік Камалиев.