Жол саласындағы қазақстандық ғылыми-зерттеу институтында жұмыс сапарымен Кембридж университетінің өкілдері – профессор Сиддхарт Шанкер Саксена, доктор Шоқан Лаумулин және Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Іргелі зерттеулер институтының директоры – доктор Асқар Арынғазин болып қайтты.
Кездесу барысында қонақтарға Қазақстанның автомобиль жолдары саласында қолданылып жүрген жаңа технологиялар, инновациялық шешімдер таныстырылды. «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаев шетелдік меймандар үшін институттың стационарлық және сынақ зертханаларына экскурсия ұйымдастырып, оларға битумды, асфальт-бетонды және топырақты сынауға арналған жаңа құралдар мен жабдықтарды; автомобиль жолдарын диагностикалауға, паспорттауға арналған көпфункционалды жылжымалы зертханаларды көрсетті. Сонымен қатар, Кембридж университетінің өкілдеріне асфальт-бетонның тозу төзімділігін, тоттану тұрақтылығын сынауға арналған қондырғылардың жұмысы көрсетілді. Сынақ қабырғасы бар климаттық камера іспетті асфальт-бетонның төменгі температуралық тұрақтылығын анықтауға арналған жаңа жабдық қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған болатын. Бұл қондырғы асфальт-бетонның әр түрлі температурадағы әрекетін зерттеуге арналған. Зертханалар жұмысының нәтижелері пайдалану сипаттамалары, климаттық факторлар мен экономикалық көрсеткіштерді ескеріп, асфальт-бетон қоспасын іріктеу әдістемесі бойынша практикалық ұсыныстарды, сондай-ақ, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, автомобиль жолдарының құрылымдарын жобалау бойынша ұсыныстарды жасауға мүмкіндік береді.
Шара аясында екі елдің ғалымдары автомобиль жолдары саласындағы зерттемелерге қатысты мәселелерді ғылыми тұрғыда талқылап, пікір алмасты. Тараптар ынтамақтастығының алдағы уақытта нығая түсетіндігін алға тартты. Кездесу қорытындысы бойынша профессор Сиддхарт Шанкер Саксена ҚазжолҒЗИ қызметкерлерін Кембридж университеті мен Кавендиш зертханасын көруге шақырды.

