
ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Ұлттық жол активтері сапасы орталығы БАҚ-тағы үздік материалды анықтауға бағытталған журналистер арасындағы алғашқы байқаудың қорытындыларын шығарды.
2 ай ішінде байқауға жол мәселесі, жолдардың сапасын арттыру тақырыбында жазылған 130-ға жуық жұмыс келіп түсті. Журналистер мен қоғам белсенділерінен құралған қазылар алқасы барлық материалдарды жан-жақты талқылай келе, жеңімпаздарды «Ең үздік телевизиялық материал», «Үздік радио бағдарлама», «Газет журналдардағы үздік мақала» және «Ғаламтор-БАҚ-тағы үздік жарияланым» аталымдары бойынша анықтады.
«Байқау жайында «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында жариялаған едім. Ал бүгін ұлттық сапа орталығында біз жүзден жүйрік шыққан тілшілерді марапаттап, оларға арнайы дипломдарды тапсырдық. Журналистер қауымына жалпы жол саласына қатысты мәселелерді көтеріп жүргендері үшін алғыс айтқым келеді. Жол саласындағы жағдайларға байланысты сіздер айтып, жазып жүрген ашық пікірлеріңізді, ел жолдары сапасының артуына қосқан мол үлес деп білемін», – деді «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК бас директоры Замир Сагинов .
Байқаудың қорытындысын шығару кезінде қазылар алқасы материалдың берілген тақырыпқа сәйкестігі мен проблеманың өзектілігін, терең талданылуын, автордың баяндау стилін, сондай-ақ авторлық пікірдің ерекшелігін бағалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жол саласы тақырыбындағы үздік материалды анықтауға бағытталған байқау БАҚ өкілдері арасында жыл сайын өткізілмек.
