
ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің Ұлттық жол активтері сапасы орталығы қоғам белсенділері және БАҚ өкілдерімен бірге Қызылорда облысындағы «Жалағаш-Жосалы» жолын жөндеу жұмыстарымен танысып, бірқатар кемшіліктің барын анықтады.
Жолдың ұзындығы 27 шақырымды құрайтын аталмыш учаскесінде 2018 жылы орташа жөндеу жұмыстары басталған болатын. Жоба құны 736 миллион теңгеден асады.
Тапсырыс беруші – «Қызылорда облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ, мердігер – «KAISON Construction» ЖШС.
Атқарылған жұмыстарға қарамастан, жол активтері сапасы орталығының мамандары «Жалағаш – Жосалы» жолының учаскесінде асфальтбетон жамылғысында жарықтар, шұңқырлар пайда болғанын, асфальттың шытынауын, жол қалыңдығының талапқа сай еместігін анықтады.
Осыған дейін, Орталық филиалының қызметкерлері аталған нысанға тексеріс жұмыстарын өткізу мақсатымен 10 рет барып, жол-құрылыс материалдарының 60-тан астам сынамасының үлгілерін алған болатын. Олардың 23-і материалдың тығыздық коэффициентіне сәйкес келмейді.
Барлық бұзушылық фактілері бойынша тапсырыс берушіге, мердігерге және уәкілетті органдарға бұзушылықтарды жою туралы хаттар жіберілді.
Еске салайық, Қызылорда облысындағы жергілікті маңызға ие жолдардың ұзындығы 2435 шақырымды құрайды. Олардың 63,5% – жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда.

