
Алматы Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) Халықаралық қайта құру және даму банкінен (ХҚДБ) гранттық қаржыландыру қаражатының негізінде құрылатын «ТҰМАР» Индустриялық-Ғылыми Орталықтың жұмысына қатысады. «ҚазҚСҒЗИ» АҚ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) әзірлеумен айналысатын болады, сондай-ақ қадағалау органы мәртебесіне ие болады. ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (ҚазҰТУ) Сәулет және құрылыс иститутымен ынтымақтастығы туралы уағдаластықтарға Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтың басшылығымен өткізілген мәжілістің барысында қол жеткізілді.
Серіктестік Қазақстан мен ХҚДБ арасындағы Қарыз туралы келісім аясында, «Өндірістік сектор консорциумдары І» компоненті бойынша Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі іске асыратын «Өнімді инновацияларды ынталандыру» гранттық бағдарламасының аясында жүзеге асырылатын болады.
«Тұмар» орталығы жаңа құрылыс материалдарын, конструктивтік шешімдерді және инженерлік жүйелерді әзірлеумен және енгізумен, сондай-ақ құрылыс саласы үшін цифрлы технологияларды әзірлеумен және пайдаланумен айналысатын болады. Зерттеулер жүргізуден бөлек, орталық қызметі технологиялар трансферті жобаларын іске асыруға, сертификаттау және аккредиттеу бойынша қызметтер көрсетуге бағытталатын болады.
««ҚазҚСҒЗИ» АҚ ғылыми-зерттеу және эксперименталдық жұмыстар саласында «Тұмар» Индустриялық-Ғылыми орталығының дамуына ықпал ететін мол тәжірибесі бар. 2018 жылы «ҚазҚСҒЗИ» АҚ ғылыми-зерттеу зертханасын қайта құру жұмыстары басталды. Қазақстанда еуропалық стандарттарға сәйкес құрылыс материалдары мен бұйымдарына сынақтар жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтарды сатып алу жүргізіліп жатыр», - деді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Кульбаев.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтың қатысуымен өткен мәжілістің аясында «ҚазҚСҒЗИ» АҚ сарапшылары Қазақстан Республикасының құрылыс саласына ақпараттық модельдеу технологияларын (ҚОАМТ) енгізу жұмыстарының қорытындылары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ құрылыстағы еуропалық стандарттардың (еурокодтардың) және ҚР ҚНжЕ негізінде орындалған құрылыс құнының қымбаттауына конструкциялардың салыстырмалы есептері туралы ақпарат берді.