
Солтүстік Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8998 шақырымды құрайды. 2019 жылы жөндеу жұмыстарымен жолдардың 580 шақырымы қамтылды.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысындағы жолдарды жөндеуге 18,6 млрд теңге бағытталды. Бөлінген қаржының 15,3 млрд теңгесі – республикалық бюджет қаражаты. Қаржыландыру есебінен өңірдегі жолдардың 8 шақырымы қайта жаңартылып, 17 шақырымы күрделі, 333 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ, жол төсемдерінің 240 шақырымы ресайклинг әдісімен жөнделуде.
Солтүстік Қазақстан облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 1468 шақырымды құрайды. Олардың 86,4% жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда. Жергілікті желіге тиесілі 7530 шақырым жолдың 39% нашар жағдайда деп бағалануда.
Еске салайық, 2019 жылы республика бойынша облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 4,6 мың шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Бұл мақсаттарға 218 млрд теңге бөлінген болатын.