
Кездесуде құрылыс индустриясында қалыптасқан қазіргі жағдай талқыланды
Мемлекет басшысының құрылыс саласын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев құрылыс саласындағы қазіргі жағдайға қатысты әрекет ету, сондай-ақ саланы қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу мақсатында өңірлік құрылыс басқармаларымен және құрылыс саласының кәсіпкерлік қоғамдастығы мен бейінді қауымдастықтардың өкілдерімен кеңес өткізді.
Кездесу барысында сала өкілдерінің нарықтағы бағаларды ескере отырып, сметалық құны мен бағалар жинақтарын қайта қарау, мемлекеттік тапсырыс берушінің орындалған жұмыстар актілеріне қол қою мерзімін қысқарту, сондай-ақ қымбаттаған жобалардың сметалық құнын түзету туралы ұсыныстары қаралды.
Сонымен қатар, кеңеске қатысушылар мердігерлерге ЖСҚ қымбаттаған сомасын қаржыландырудан бас тартқан кезде мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды біржақты тәртіппен бұзуға мүмкіндік беруді ұсынды.
Басқа да ықтимал тетіктердің қатарында құрылыс-монтаж жұмыстарын мемлекеттік сатып алу кезінде берілетін аванс көлемін 70%-ға дейін ұлғайту, "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 1 шаршы метр құнын арттыру, мемлекеттік тұрғын үй құрылысының орнына құрылыс салушылардан тікелей тұрғын үй сатып алуға тікелей көшу сияқты пікірлер айтылды.
Кеңес қорытындысында Қайырбек Өскенбаев кездесуде айтылған ұтымды ұсыныстар Үкіметтің қарауына берілетінін хабарлады.