ҚР ИИДМ-де ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс нормаларын қолдану бойынша семинар өтті

ҚР ИИДМ-де ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс нормаларын қолдану бойынша семинар өтті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Нұр-Сұлтан қаласы Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары Сәуле Қабидолдина, Айсұлу Құранбек және Айгүл Ақпанованың қатысуымен ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (Кодекс) шеңберінде татуластыру рәсімдерін түсіндіру және оларды кеңінен қолдануға қатысты семинар болып өтті.

Судья С.Кабидолдина іс жүргізу құқықтарын теріс пайдаланғаны және міндеттерін сақтамағаны үшін қарастырылған процестік салдарлар бойынша Кодекстің жалпы ережелері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол лауазымды, заңды тұлғаға немесе оның өкіліне ақшалай өндіріп алу түрінде 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде салынатынын атап өтті.

Сонымен қатар, семинарға қатысушылардың назарын дауды сотқа дейін реттеу тәртібіне аударды. Судьялардың айтуынша, Кодексте тараптардың бірі мемлекеттік орган болған жағдайда құқықтық қатынастардан туындайтын татуластыру рәсімдерін жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.  

Сондай-ақ, әкімшілік органға өтініштерді қарау кезінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын жан-жақты және толық сақтау міндеті қойылатыны атап өтілді. Оны іс жүзінде дұрыс қолдану әкімшілік әділет үлгісін қалыптастырады.