Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Қытай – Орталық Азия елдері бағыты бойынша Алматы станциясы арқылы өтетін теміржол транзиттік жүк ағынының өсіміне орай ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мемлекеттік-жекешілік әріптестік механизмін қолдана отырып, Жетіген бекетінен Қазыбек бек бекетіне дейінгі теміржол желісін салу жобасын іске асыру мәселесін шешуде.

Жаңа теміржол транзитті тасымалдау мерзімін орташа есеппен 2 тәулікке қысқартуға, сондай-ақ, Алматы станциясының жүктемесін 40% төмендетуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары 2020 – 2022 жылдары жүргізіледі деп болжанып отыр.

Жалпылай алғанда, Алматы қаласының көліктік инфрақұрылымы елдегі көлік саласының ЖІӨ үлесінің 14% астамын өндіреді. Осылайша, бүгінгі таңда Алматыда МЖӘ аясындағы Алматы қаласының Үлкен айналма жолы жобасы іске асырылып жатыр, сондай-ақ, жолаушылар көлігі жаңартылуда, халықаралық авиациялық хаб дамытылады деп жоспарлануда. Ағымдағы жылы қаланың жол-көліктік инфрақұрылымын дамытуға 24,1 млрд.тг бөлінді.

Сонымен қатар, метро құрылысы бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. 2019 жылы осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 17,4 млрд. теңге бөлінген болатын. Тұтастай алғанда,  2 метро станциясының құрылысын аяқтау 2021 жылға белгіленген.

Индустриализациялау картасының аясында 2015 жылдан бері Алматыда жалпы сомасы 83 млрд. теңгені құрайтын 65 жоба жүзеге асырылып, 5,5 мыңға тарта тұрақты жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 81 млрд. теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. Тұтастай алғандай, бүгінгі таңда Алматыда 7 392 өнеркәсіптік кәсіпорын тіркелген. Қалада индустриялық аймақ жұмыс істейді. Мұнда 6 жоба іске асырылып жатыр. Биыл жалпы құны 67 млрд. теңгені құрайтын тағы 7 жоба іске қосылмақ.

Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табуда. Оның аясында Алматыда баспананың 3,9 млн. шаршы метрі салынды. 2019 жылдың 9 айында қаржыландырудың барлық көздері бойынша тұрғын үй құрылысына инвестициялардың 171,4 млрд. теңгесі немесе 128% (өткен жылдың сәйкес кезеңіне) бағытталды.

Айта кету керек, Алматы қаласының халықаралық әуежайы өткен жылы 5,7 млн. жолаушыға қызмет көрсетті. Тұрақты түрде 36 халықаралық және 18 ішкі әуе бағдары қатынайды. Алдағы уақытты Катар (Qatar Airways) және Оман  (Salam Air) елдеріне қатынауға мүмкіндік беретін рейстер ашылады деп күтілуде.