
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қызметкерлері арасында шаңғы тебуден жарыс ұйымдастырылды. Ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаев салауатты өмір салтын сақтауға шақырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Мұндай спорттық жарыстар ұжымның ұйымшылдығын арттырып, қызметкерлеріміздің денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды шара болып табылады. «Шынықсаң, шымыр боларсың» демекші, салауатты өмір салтын серік етуіміз қажет», — деді министр өз сөзінде.
Жарысқа қатысқан 50-ден астам адамның қатарында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, Көлік комитеті, Индустриялық даму комитеті, Азаматтық авиация комитеті, Автомобиль жолдары комитетінің қызметкерлері болды.
Сайыс қорытындысы бойынша қыздар арасында жүлделі ІІІ орынды Автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы Қабдешева Бибигүл иеленсе, ІІ орында Автомобиль жолдары комитетінің іс қағаздарын жүргізу инспекторы Бөлекбаева Әйгерім тұрақтады. Ал Индустриялық даму комитетінің бас сарапшысы Топанова Мөлдір мәре сызығына алғашқы болып келіп, бас жүлдеге ие болды. Ал ерлер арасында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің сарапшысы Насыр Әлішер мен Азаматтық авиация комитетінің бас сарапшысы Климов Ербол ІІІ және ІІ орындарды місе тұтса, Автомобиль жолдары комитетінің қызметкері Азатұлы Ардақ мәре сызығын бірінші болып кесіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс жүлдегерлеріне дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.