
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі "Қазақстан Aselsan Инжиниринг" және "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" кәсіпорындары қызметімен танысты.
Қазақстан-түрік кәсіпорнын аралау барысында ҚР ИИДМ басшысына зауыттың өндірістік қуаты мен өнімдері көрсетілді. Олар: оптикалық және радиотехникалық жабдықтар, тұрақтандырылған қашықтықтан басқарылатын "САРП" жауынгерлік модулі, 25/30 мм-лік автоматты зеңбірекпен және 12,7 немесе 7,62 мм-лік пулеметпен жабдықталуы мүмкін Nefer жауынгерлік модулі және т.б.
Қайырбек Өскенбаев "Қазақстан Аселсан Инжиниринг" кәсіпорнында, сондай-ақ, әскери техника мен қару-жарақты цифрлық таңбалау жөніндегі пилоттық жоба қорытындыларымен танысты. Бұл жобаға қатысты ҚР ИИДМ бастама көтеріп, «Қазақтелеком» АҚ цифрлық экономиканы дамыту орталығы іске асырды. Бұл ұйым - елімізде тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы. Пилоттық жоба барысында таңбалау кодтарын енгізу әдістері бойынша эксперимент жүргізілді.
Сондай-ақ, министр сауытты дөңгелекті машиналар шығаратын «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС кәсіпорнында болды. Қайырбек Өскенбаев зауытта өндірісті қарап шығып, еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Іс-шара қорытындысында Министрлікке Қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындары қауымдастығымен бірлесіп саланы, оның ішінде сауытты дөңгелекті машиналардың отандық өндірісін дамыту жолдары бойынша келісілген ұстаным әзірлеуді тапсырды.