
2021 жылдың 22 желтоқсанында «ҚазҚСҒЗИ» АҚ мен «Мемсараптама» РМК баға белгілеу жүйесіндегі жаңалықтар бойынша онлайн форматта кеңес өткізді.
Кеңеске Алматы қаласының бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, сондай-ақ қала аумағында қызмет ететін жобалау және құрылыс компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Жобалардың сметалық құнын үнемі артық көрсету – аса өткір проблема. Бұл балабақша және мектеп сияқты шағын жобаларға да, ірі инфрақұрылымдық жобаларға да қатысты»,-деп ерекше атап өткен болатын.
Осы тапсырманы орындау үшін қолданыстағы заңға тәуелді актілерге бірқатар түзетулер әзірленіп, қолданыстағы сметалық-нормативтік база (сметаларды қалыптастырудың жаңа тәсілдері) түбегейлі қайта қаралды.
Кеңес барысында ең алдымен жобалау кезінде сметалық құнның көтерілуіне жол бермеу бойынша нақты шаралар, атап айтқанда құрылыстың шекті құнын белгілеу, ғимараттардың (құрылыстардың) конструктивтік элементтері бойынша эталондық құнын белгілеу, прайс-парақтарды қолдануға тыйым салу, құнның процесске бағдарланған калькуляциясы, жеке-дара бағалауларды қолдану ұсынылды. Сондай-ақ 2022 жылға арналған сметалық бағалар жинақтарын (инженерлік жабдықтар, құрылыс машиналары мен механизмдерін пайдалану, көлік шығыстары және т.б.) қалыптастыру кезіндегі тәсілдер айтылып, пікір алмасты және жаңалықтарды жүзеге асыру барысында ескерілетін ұсыныстар берілді.
Барлық әзірленген жаңа шаралар келесі жылдан бастап қолданыла бастайды.
Мұндай кеңестер барлық өңірлердің мемлекеттік органдары мен кәсіби қоғамдастықтарының өкілдерімен өткізіледі.