ҚАЗАҚСТАНДА ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ТЕМІР ЖОЛ КӨЛІГІМЕН ТАСЫМАЛДАУ ҚАҒИДАЛАРЫ ӨЗГЕРДІ

ҚАЗАҚСТАНДА ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ТЕМІР ЖОЛ КӨЛІГІМЕН ТАСЫМАЛДАУ ҚАҒИДАЛАРЫ ӨЗГЕРДІ

Әсіресе бұл ұйымдасқан жолаушылар тобына жол жүру құжаттарын ресімдеуге қатысты. Енді заңды тұлғалардан түсетін өтінімдерді заңды тұлғаның электрондық-цифрлық қолтаңбасы бойынша ресімдеуге болады, егер бұрын билет бүкіл топқа бір бланкте ресімделсе, жаңа талаптарға сәйкес әр жолаушыға жеке ресімделеді.

Өтінім беру және резервтелген орындарды сатып алу мерзімдері өзгерді. Ұйымдасқан жолаушылар тобының бастапқы тізіміне өзгерістер енгізу бойнша шектеулер бар.

Қайтарылмайтын депозит көлемі топтың жалпы жол жүру құнының 30%-ын құрайды, ал бұрын орындарды резервтегендері үшін бір орынға 290 теңге көлемінде алым ғана болатын. Жаңа қағидалар жол жүру билеттерін заңсыз сатып алып қайта сату тәсілдерін жоюға бағытталған.

Бұдан өзге, қағидаларға барлық топтағы мүгедектердің, сондай-ақ мүгедек балалардың жол жүрулеріне қатысты өзгерістер енгізілді. Оларға әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша билет құнының 50% мөлшерінде, ал коммерциялық бағыттар бойынша тасымалдаушының қалауы бойынша жеңілдіктер белгіленеді.

Сонымен бірге, осы бұйрықпен жолаушылар поездарында темекі шегуге тыйым салынады. Жолаушының жол жүруден бас тартуына байланысты жол жүру құжатын (билетін) қайтару операциясы үшін жолаушыдан 1000 теңге көлеміндегі алым алынбайды. Поезд жөнелтілгеннен кейін бір сағат ішінде жолаушыға ақшалай қаражатын қайтару билет құнының 70%-нан кем болмайды.

Сервисті жақсарту және жолсеріктердің іс-қимылдарын бақылау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның шаруашылық қызметін байқау өкілеттіктері берілді.