
Оның айтуынша, Орталық-Оңтүстік жобасы бойынша ұзақтығы 228 шақырым болатын Құрты-Бурылбайтал учаскесін жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жобаны Дүниежүзілік және Еуропалық банктер қаржыландырады. Сонымен қатар, бюджет есебінен 3 тоқсанның соңына дейін Қарағанды қаласының Солтүстік-Шығыс айналма жолының құрылысы мен реконструкциялау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. 2018 жылы Балқаш-Бурылбайтал (297 км) учаскесінде жұмысты бастауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банк есебінен Құрты-Қапшағай (67 км), Қарағанды-Балқаш (364 км) учаскелерін 2019 жылы бастау көзделуде.
Қазіргі уақытта Орталық-Оңтүстік жобасы бойынша келесі жылы аяқталуы тиіс ұзақтығы 14 шақырым болатын Теміртау-Қарағанды учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
«Орталық-Шығыс жобасы бойынша 675 шақырым жолда жұмыс жүргізілуде. Жыл соңында Астана-Павлодар учаскесіндегі 230 шақырым жолда 4 жолақты қозғалысты ашу жоспарланған. Сондай-ақ, Семей-Қалбатау арасындағы ұзақтығы 36 шақырым болатын соңғы учаскедегі бөлікті аяқтау жоспарда бар»,-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Орталық-Батыс жобасы бойынша Астана-Қостанай және Ақтөбе-Қарабұтақ-Денисовка (114 км) учаскелеріндегі автожолды реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды. Биыл Ақтөбе-Атырау-Астрахань автожолын реконструкциялау жұмыстары басталады.
Бұдан бөлек, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл-РФ шекарасы және Орал-Каменка өтпелі жобаларындағы жұмыстар жалғасады. Бұдан бөлек, ұзақтығы 2 мың шақырым болатын Жетібай-Жаңаөзен, Талдықорған-Өскемен, Меркі-Бурылбайтал, Қалбатау-Майқапшағай, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Таскескен-Бақты, Осиновски асуы, Щучинск-Зеренді жаңа жобалары жүзеге асырылатын болады.
Жалпы жыл соңында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 1 және 2 техникалық санат бойынша 600 шақырым жолды аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Бейнеу-Ақтау және Алматы-Талдықорған автожолын реконструкциялау жұмыстары толық аяқталатын болады.
Сурет мұрағаттан алынды