
Шара аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов және мердігер ұйымдардың басшылары баяндама жасады.
Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 1 897 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахань)» автожолының ұзындығы 214 шақырымды құрайтын учаскелерінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жол Орталық Азия мен Еуропаны байланастыратын маңызды халықаралық дәліз, Ресей Федерациясына жол ашатын «қақпа» болып табылады.
Бүгінге дейін қайта жаңарту жұмыстарынан «Ақтөбе – Атырау» автожолының 162 шақырымы өткен. Жұмыстар толығымен аяқталған соң жолдың ені 9 метрге кеңейтіліп, ол ІІІ техникалық санаттан сағатына 120 км жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік беретін ІІ-ші санатқа ауыстырылатын болады. Қайта жаңарту жұмыстары Қазақстан, Қытай, Ресей және Батыс Еуропа мемлекеттері арасындағы транзиттік ағын мен тауарлар айналымын арттырып, тұрғындар мен жергілікті кәсіпкерлер үшін автомобиль көліктеріне жасалатын жағдайды жақсарта түспек. Халықаралық дәлізді қайта жаңарту жұмыстары 2022 жылы толығымен аяқталады деп жоспарлануда.
Кездесу қорытындысы бойынша Асқар Мамин Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың қайта жаңарту жұмыстарымен қамтылған учаскелерін уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.