EXPO-2017 КӨРМЕСІ АЯСЫНДА БЕЛАРУСИЯ ҰЛТТЫҚ КҮНІНІҢ АШЫЛУЫ БОЛДЫ

EXPO-2017 КӨРМЕСІ АЯСЫНДА БЕЛАРУСИЯ ҰЛТТЫҚ КҮНІНІҢ АШЫЛУЫ БОЛДЫ
Іс-шарада Қазақстан тарапын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі  Бақытжан  Сағынтаев,   Беларусь тарапын Беларусь Республикасының Премьер-Министрі  Андрей Кобяков басқарды. Беларусия Ұлттық күнінің ашылуына Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев та қатысты.
А.Кобяков өз сөзінде, көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сондай-ақ, «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігін атап өтті. Ол көрмеге қонақтардың көп келуіне тілектестігін білдірді.
Өз кезегінде, Б.Сағынтаев Беларусь Республикасы Қазақстан Республикасының стратегиялық және негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтып, Беларусияның  «EXPO-2017» көрмесіне қатысуы Қазақстан үшін маңызды деген пікір білдірді.
Сонымен қатар, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі  сапары аясында Қазақстан-Беларусь бизнес-форумының өткізілгенін, бұл бизнес байланыс пен өзара іс-қимылдардың белсенділігіне қосымша серпін беретінін атап өтті.
«Беларусь павильоны жұмыстарының жемісті болуына, беларусь халқының өркендеуі мен гүлденуіне тілектеспін және екі елдің бұдан ары қарай да ынтымақтастығына жетістіктер тілеймін»,- деді Б.Сағынтаев.
Беларусияның Ұлттық күні мәдени бағдарламамен жалғасты.