
Тараптар қалдықтарды өңдеуді басқару жүйелерін құру және одан әрі дамыту, бірлескен жобалар жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру, консультациялар беру және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзгергені жөнінде ұсынымдар әзірлеу, жаңа серіктестерді және қаржыландыру көздерін іздеу мен тарту, қалдықтарды кешенді өңдеуді басқару саласындағы басқа да бағыттар бойынша ынтымақтасатын болады.
Бүгінгі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу экологияның ең өзекті әрі көкейтесті тақырыптарының бірі. Адамзаттың жыл сайын өнімдерді тұтынуы артып келеді, тиісінше, өндіріс қарқынымен қатар өндірілетін қалдықтар саны да өсуде. Қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді қайта өңдейтін зауыттар мен технологиялардың болмауы, қалдықтарды бөлек жинау мен сұрыптау жүйесінің дамымауы және оларды полигондарға бірыңғай салмақпен қоймалау эпидемиологиялық қауіпті қалдықтар мен заттардың жиналуына алып келеді. Нәтижесінде, қоршаған ортаның сапасы нашарлауда, ал табиғи ландшафтар бұзылып жатыр.
Энергетика министрлігінің дерегі бойынша Қазақстанда жыл сайын қосымша 5-6 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болады екен. 2025 жылға қарай бұл 8 миллион тоннаға дейін өсуі мүмкін. Бұл ретте 2017 жылы қайта өңделген және кәдеге жаратылған қатты тұрмыстық қалдықтардың үлесі 9%-ды ғана құрады.
Осындай үлкенкөлеміне қарамастан, қалдықтарды кәдеге жарату проблемасының шешімі бар. Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «жасыл» технологияларды инвестициялауға және шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және қазіргі заманға сай кәдеге жарату туралым шаралар қабылдауға шақырды.
Бүгін форумда отандық компаниялар ірі шетелдік компаниялар мен халықаралық қаржы институттарының өкілдерімен бірге жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін талқылауға және өз қызметін таныстыруға мүмкіндік алды.
«ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дастан Хамзин инфрақұрылымдық-тұрғын үй кешеніндегі (ИТК), оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді басқарудағы инновациялар жайлы айтып берді.
«Компанияның жоспарында – цифрландыру жүйесін, ИТК саласында көппәтерлі тұрғын үйлерді, МЖӘ институтын басқарудың заманауи әдістерін енгізу, ғылыми-техникалық қызметті дамыту, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп ИТК жаңғырту және жасыл технологиялардың тікелей инвестициялар қорын құру бар», - деді Дастан Хамзин.
Форум қатысушылары биоқалдықтарды жинау және қайта өңдеудің заманауи әдістерін, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үшін инновациялық технологияларды, «жасыл инвестицияларды» қолдану практикаларын, инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларын және басқа да тақырыптарды да талқылады. Ертең картон мен қағаз қалдықтарын қайта өңдеу және бүктеме ораманы дайындау жөнінде кәсіпорындарға бару жоспарланып отыр.
Форумды «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ, ЕҚЫҰ және БҰҰДБ-ның қолдауымен «KazWaste» қалдықтарды өңдеуді басқау жөніндегі қазақстандық қауымдастық пен «E2Partner» компаниясы ұйымдастырды.
Қосымша ақпарат үшін компанияның баспасөз қызметіне мына телефон арқылы хабарласуыңызды сұраймыз: +7-7172-999449 (ішкі 1229) (Кәрібжанова Алтынай), email a.karibzhanova@zhkh.kz
Анықтама үшін:
«Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамы(«ТКШ Қазорталығы» АҚ) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2009 жылы құрылды. Компания қызметінің негізгі бағыттары ТКШ инвестициялық тартымдылығын арттыру, талдамалық және ғылыми зерттеулер жүргізу, ТКШ саласында инновациялық технологиялар мен заманауи басқару әдістерін енгізу болып табылады.


