ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ҚАЙЫРБЕК ӨСКЕНБАЕВ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕТРОЛОГИЯ КОМИТЕТІНІҢ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ҚАЙЫРБЕК ӨСКЕНБАЕВ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕТРОЛОГИЯ КОМИТЕТІНІҢ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Кездесу барысында ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Ғалымжан Дугалов комитеттің және оның ведомстволық бағынышты ұйымдары қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Оның айтуынша, ТРМК жұмысы сапа инфрақұрылымының халықаралық құрамдастарына сәйкес құрылған.

«Қазақстан метрология институты ұлттық эталондық базаның жасалуын және халықаралық жүйеге дейін өлшемдердің бақылануын қамтамасыз етеді, Ұлттық аккредиттеу орталығы зертханалары мен сәйкестікті растау жөніндегі органдардың техникалық құзыреттілігін растайды, Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты ұлттық стандарттарды әзірлеу және оларды халықаралық стандарттармен үйлестіруді қамтамасыз етеді»,- деді Ғ. Дугалов.

Сонымен қатар, «Қазақстан метрология институты» РМК қызметкерлері өлшемдерді жүргізу процесімен таныстырды және республикалық, сондай-ақ халықаралық деңгейде де өлшем бірлігін қамтамасыз етудің жалпы принциптерін түсіндіріп берді.

Сонымен бірге, вице-министр «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК нормативтік техникалық құжаттарының мемлекеттік бірыңғай қорының жұмысымен, қолданушыларды стандарттардың қолжетімділігімен қамтамасыз ету және әзірлеу мүмкіндіктерімен танысты.

Кездесу соңында Қайырбек Өскенбаев комитеттің алда атқарар міндеттерін белгілеп берді. Ол саладағы өзекті міндеттерді шешуге бағытталған «Стандарттау туралы» және «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобаларына бастамашылық етуде ТРМК белсенді атсалықанын атап өтті.  Вице-министр сондай-ақ, қоғамның барлық саласында сапа стандарттарын сақтауды қамтамасыз ету жұмыстарының барша қазақстандықтар үшін өте маңызды екенін баса айтты.