
Басқосуға ҚР ИДМ ИДӨҚК төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов, ҚР ИДМ ИДӨҚК бас сарапшысы Еркін Дүйсенбаев, «КӘАҚҚ» РМК бас директорының орынбасарлары Нұржан Джигитеков, Сергей Крысин, сондай-ақ, филиалдар директорлары мен басқарма басшылары қатысты.
Мәжілісте жедел алдын алу жұмыстарының нәтижелері, қаржылық-экономикалық қызметтің қорытындылары, кәсіпорын қызметінің 2017 жылғы құқықтық қамтамасыз етілуі және алдағы жылға межеленген міндеттер мен көзделген жоспарлар жайы сөз болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген филиал директорлары өткен жыл қорытындысы бойынша баяндама жасады.
2017 жылы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ШЖҚ РМК өз қызметін қауіпті өндірістік нысандарда апаттық-құтқару және алдын алу жұмыстарын жүргізу бағытында жалғастырды. «КӘАҚҚ» РМК бөлімшелері қызмет көрсетілетін кәсіпорындардың жұмысшылары мен тұрғындарына көмек көрсету, апаттар мен оқыс оқиғаларды жою мақсатында 345 рет жедел жолға шыққан. 197 апат, оның ішінде 124 өрт оқиғасы орын алса, 109 апат жерасты тау-кен ұңғымаларында болған. Сондай-ақ, құтқарушылар төтенше жағдайға байланысты 39 рет апатты ауыздықтауға қатысқан.
Келісім-шарт негізіндегі міндеттемелерге сәйкес, филиалдардың алдын алу қызметтері 50 мыңнан астам тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде, қауіпті өндірістік нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету Ережелерінің сақталмайтындығы белгілі болып, 75 951 кемшілік анықталған.
Қызмет көрсетілетін кәсіпорындардың қызметкерлерімен жұмыс жүргізу қолға аланды. 64 мыңға жуық жұмысшы мен инженерлік-техникалық қызметкер апатты оқиғалар кезіндегі тәртіп ережелеріне қатысты білімдерін толықтырды.
2017 жылдың 23 қаңтары күні «КӘАҚҚ» ШЖҚ РМК басшылығының бастамасымен барлық 13 филиал өз өңірлерінде жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаттарын өткізді. Журналистердің сұрақтарына филиал директорлары, құтқарушылар мен қызмет көрсетілетін кәсіпорындардың қызметкерлері жауап берді. Атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жоспарлар сөз болған баспасөз мәслихаты бойынша мақалалар мерзімді басылым беттерінде жарық көріп, бейнесюжеттер эфир арқылы тұрғындар назарына ұсынылды.





