Еліміздің автомобиль жолдарында кешенді мақсатты бағдарлама аясындағы жұмыстардың 90%-дан астамы орындалған

Еліміздің автомобиль жолдарында кешенді мақсатты бағдарлама аясындағы жұмыстардың 90%-дан астамы орындалған

Қазақстанда жол жамылғысын жақсартуға және республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Кешенді мақсатты бағдарламаны іске асыру жалғасуда.

Бүгінге дейін «Қазақавтожол» ЖШС мамандары шұрық-тесік, ойқы-шойқы жолдың 596 мың шаршы метрге жуығын жөндеген. Сондай-ақ, 188 мың шаршы метрге жуық жол тегістелді. 10 мыңнан астам жол белгісі, 366 ақпараттық панно, 31 жарықдиодты жол белгісі және көпірлердегі қоршаулардың 634 метрі орнатылып, алмастырылған.   

Бұдан бөлек, 178 көлік павильоны мен демалыс алаңына жөндеу жүргізілді. 4500 шаршы метрден астам жолға шу жолақтары орнатылды. Сондай-ақ, мамандар шақырымдық белгінің 3500 бірлігін, 23 мыңнан астам дабыл бағанасын және 53 мың катафот құрған.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жол көлік оқиғаларының азаюына және жүргізушілердің зейін концентрациясының жоғарылауына жағымды әсер етуде. Мәселен, шу жолақтары таңдалған жолақтан кету, немесе қауіпті учаскеге жақындау сияқты жол жағдайларына назарды барынша арттырады. Ал жарықдиодты катафоттар мен жол белгілері түнгі уақытта жүргізушілерге жол бойында бағдар көрсетіп, ұйықтап қалмауына көмектеседі.    

Айта кетейік, Кешенді мақсатты бағдарлама аясындағы жұмыстар жыл сайын жүргізілуде. Бүгінде жоспар 93%-ға орындалды.