
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын өтіп тұратын "МАЙНЕКС Қазақстан 2021" тау-геологиялық форумының ашылуы өтті.
Бұл форум - Қазақстанда 2010 жылдан бері өткізіліп келеді және Орталық Азия өңірінде ұйымдастырылатын салалық өкілдік іс-шаралардың бірі. Форумға жыл сайын 300-ден астам тау-кен металлургия компанияларының, салалық министрліктердің, инвестициялық компаниялар мен банктердің, сервистік компаниялардың, Қазақстаннан және 20-дан астам жақын және алыс шетелдерден тау-кен саласына арналған жабдықтарды өндірушілердің өкілдері жиналады.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев форумның бірінші пленарлық сессиясын ашты.
Ол өз сөзінде жер қойнауын пайдалану саласында жүргізіліп жатқан реформалардың қорытындыларын, атап айтқанда, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" ҚР Кодексінің іске асырылу барысын атап өтті. Жер қойнауы туралы Кодекс қолданысқа енгізілгелі ҚР ИИДМ қатты пайдалы қазбаларды барлауға 1447 лицензия берді.
Жаңа барлау жобалары бойынша ең төменгі инвестициялық міндеттемелер көлемі 11 млрд. теңгені құрады. Пандемия кезінде де салада 510-нан астам отандық юниор-компания құрылды. Ең бастысы, геологиялық барлауға 68 мың шаршы шақырымдық жаңа аумақтар тартылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 51% - ға артты. Бұл жаңа кен орындарын ашу әлеуетін айтарлықтай арттырады. Жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттар өз жұмысын жалғастыруда.
Форум жұмысы шеңберінде Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамасын жетілдірудің өзекті мәселелері, жаңа геологиялық ашылулардың перспективалары, Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде іздеу жобаларын дамыту, тау-кен саласындағы "жасыл экономиканы" дамытудың тәжірибелік аспектілері, кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау, сондай-ақ өзгеріп жатқан құқықтық салада инвестициялар тарту мен тау-кен жобаларын қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктері бойынша талқылаулар өтеді.