«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев келесіні айтты:

«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы 2020 - 2025 жылдарға арналған міндеттер туралы.

2021 жылғы құрылыс және реконструкциялау жобалары туралы.

Жергілікті желіні дамыту туралы.

Орындалатын жұмыстардың сапасы туралы.

Ақы алу жүйесін енгізу.

Және жол бойындағы қызмет көрсету нысандары туралы.

 

Қазақстанның автожол саласын дамыту үшін Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген болатын. Ағымдағы жылдан бастап ол «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына айналады.   

«2020 жылға дейін біз республикалық маңызы бар жолдардың 13 мың шақырымға жуығын реконструкцияладық, бұл республикалық желінің 89%-ын және жергілікті желінің 75%-ын нормативтік жағдайға жеткізуге мүмкіндік берді. Жалпы, Ұлттық жобаға сәйкес республикалық маңызы бар жолдардың 12 мың шақырымын құрылыс және реконструкциямен, ал 11 мың шақырымын жөндеумен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, жергілікті желі жолдарының 27 мың шақырымына жөндеу жүргізу жоспарланған», - деп атап өтті ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев.

Оның сөзінше, ағымдағы жылы жол-құрылыс жұмыстарымен 8,4 мың шақырым қамтылған, оның ішінде республикалық желі бойынша 5 мың шақырым, соның 3,6 мың шақырымы реконструкциямен, 1,4 мың шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылған.  Жергілікті желінің жолдары мен көшелерінде жол-құрылыс жұмыстары 3,4 мың шақырым жолда жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша республикалық автомобиль жолдарының 90%-ын және облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 80%-ын нормативтік жағдайға жеткізу көзделген.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Орталық-Оңтүстік" дәлізін дамыту қарқын алған. Бүгінгі таңда реконструкция жұмыстарымен ұзындығы 955 шақырым болатын Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал – Құрты – Қапшағай учаскесі қамтылған. Еліміздің шығысында Талдықорған-Өскемен (768 шақырым) және Қалбатау-Майқапшағай (415 шақырым) автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Үшарал-Достық» (184 шақырым) автожолының, «Мерке-Бұрылбайтал» (262 шақырым), сондай-ақ, ұзындығы 96 шақырым болатын «Ұзынағаш-Отар» автомобиль жолдарының реконстукциясы жүргізіліп жатыр. Батыс өңірде Ақтөбе-Атырау-Астрахань (740 шақырым) дәлізін жаңарту бойынша жұмыстар қарқынды алған. Сондай-ақ, Шамалған станциясының теміржол өткелінде жол айрығының құрылысы жалғасуда. Жалпы жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 2,2 мың шақырымында жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Аталған жобалар 2021-2023 жылдары кезең-кезеңмен тәмәмдалатын болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында ҮАААЖ айналма жолының құрылысы жүргізілуде, ол 2024 жылы аяқталады.

«2025 жылға дейін біз облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 95%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылы жергілікті желідегі 3,4 мың шақырым жолды қамти отырып, құрылыс, реконструкция мен жөндеудің 337 жобасын іске асыру жүргізілуде», - деп жеткізді спикер.

Брифинг барысында, сондай-ақ, жолдарға ақылылық жүйесін енгізу мәселесі де көтерілді.

«Ақылы жолмен жүру тарифтері 2013 жылы бірінші ақылы учаске енгізілген кездегі деңгейде қалғанын айтып өту қажет: жеңіл автокөліктер үшін - 1 шақырымына 1 теңге, ауыр жүк көліктері үшін - 1 шақырымына жүк көтерімділігіне байланысты 5 теңгеден 25 теңгеге дейін», - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Камалиевтің айтуынша, ақылылық автожолдарды нормативтік күтіп ұстау үшін енгізіліп жатыр, аталған жүйе шығындарды толық көлемде жабуға және республикалық бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін ақылылық жүйесін республикалық желідегі автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына енгізу көзделген. Сондай-ақ, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының 100%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендірілмек.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдерінің сөзінше, бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1738 қызмет көрсету нысаны бар, олардың 1093-і немесе 63%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 2021 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 66 %-ға дейін арттыру қажет.