ИИДМ: МИБ институтын енгізу барысындағы жобалық басқару

ИИДМ: МИБ институтын енгізу барысындағы жобалық басқару

ҚР Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жобалық басқару әдіснамасымен Мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) институтын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Сонымен, жобалық басқарудың ақпараттық жүйесінің платформасында (kz2050.gov.kz) әкімдіктер бекіткен 54 474 үй бойынша жиналыстар өткізу кестелері жүктелді. Жиналыстарды ұйымдастыруға әкімдіктердің 500-ге жуық қызметкері жауапты. Әрқайсысына нақты үй бекітілген. Тиісті жобалар 200-ден астам аудан мен қалаларда құрылған.

Бұдан басқа, Министрліктің жобалық ұжымы оқытулар жүргізіп, әрбір жауапты орындаушыға жаңа ақпараттық жүйені пайдалану дағдыларын көрсетті.

Осы платформада жобаларды іске асыру туралы нақты ақпаратпен "МИБ" ахуалдық тақтасында танысуға болады. Ақпарат Ұлттық жобалық кеңсенің барлық қатысушыларына, министрліктерге, әкімдіктерге түрлі деңгейлерде автоматты түрде қолжетімді етілген.

"ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" АҚ әкімдік қызметкерлерін ақпараттық және әдіснамалық қолдау бойынша жұмысты жалғастыруда.

Естеріңізге сала кетейік, тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшу туралы барлық ақпарат zhkh.kz сайтында орналастырылған. МИБ құру бойынша сұрақтарға жауапты TelegramBotТКШ чатынан, сондай-ақ Suraqtar.kz сайтынан табуға болады.

Осылайша, жобаларды басқару үрдісін автоматтандыру қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыруға, жүктемені тең бөлуге, оңтайлы кесте жасауға, сол арқылы МИБ институтын енгізу бойынша жүргізілетін жұмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Анықтама: қазіргі уақытта басқарудың 10 208 жаңа нысаны құрылды (1814 МИБ, 8 394 ЖС).