2018 ЖЫЛДЫҢ ЖЕЛТОҚСАНЫНДА БОЛАТТАН ЖАСАЛҒАН ҮЛКЕН ДИАМЕТРЛІ ДӘНЕКЕРЛЕНЕТІН ҚҰБЫРЛАРДЫ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

2018 ЖЫЛДЫҢ ЖЕЛТОҚСАНЫНДА БОЛАТТАН ЖАСАЛҒАН ҮЛКЕН ДИАМЕТРЛІ ДӘНЕКЕРЛЕНЕТІН ҚҰБЫРЛАРДЫ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Бұл зауыт Алматы қаласы Алатау ауданының Индустриалдық аймағындағы 18,3 гектар аумақта орналасады. Жоғары технологиялық зауыттың құрылысы Қазақстанға әкелінетін құбыр өнімдерінің 70% импортын алмастыруға мүмкіндік беретін болады.

Инвесторлар құрылыс кезеңінде өңірде 1000 уақытша жұмыс орны мен зауыт іске қосылғаннан кейін 300 тұрақты жұмыс орны ашылатынын айтты.

Зауыт жыл сайын 100 мың тонна жоғары сапалы құбыр өнімдерін жеткізеді, деп жоспарлауда. Бұл дәнекерленетін құбырлар мұнайды, газды, суды және мұнай өнімдерін тасымалдауға, сондай-ақ тау-кен, құрылыс, химиялық өнеркәсіп, энергетика салаларында пайдалануға арналған. Сонымен қатар тот басудан сақтайтын жабындар өндіру де болжанып отыр.

«Біз зауытты 2018 жылдың желтоқсанында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Алматы қаласы әкімдігімен, түрлі министрліктермен және ведомствалармен, сондай-ақ Индустриалды аймақ дирекциясымен тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Болашақта өндірісті жыл сайын 150 мың тоннаға дейін кеңейту жоспарланып отыр»,-деді «Asia Steel Pipe Corporation» ЖШС коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Раджан Нұрмұхамбетов.

Өндірістік желі өнім өңдеудің 38 түрлі әдістерін қамтиды. Болат құбырларының диаметрі 355-тен 1420 мм дейінгіні қамтиды.

Осы жоба Қазақстандағы Республикалық Индустриалдандыру Картасына және ҚХР «Белдеу және Жол» Бастамасы» бағдарламасына енгізілген.

Дәнекерленетін құбырлар өндірісі жобасын  іске асыру Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2014 жылғы кездесуінің нәтижесінде келісілген еді.Осы кездесу аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CNPC арасындағы мұнай-газ саласындағы Кешенді стратегиялық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылған болатын.

Фото ашық ақпарат көзінен