ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘУЕ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУДЫ БҰЗУШЫЛАРҒА АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІ ҚАТАҢ ШАРАЛАР ҚОЛДАНБАҚ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘУЕ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУДЫ БҰЗУШЫЛАРҒА АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІ ҚАТАҢ ШАРАЛАР ҚОЛДАНБАҚ

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев кеңеске қатысушыларды соңғы уақыттағы саладағы жетістіктермен таныстырып өтті. Комитет өз қызметін әлемдегі ең озық болып табылатын британдық үлгіге сәйкестендіру процессіне кіріскендігі туралы ерекше атап өтілді. Өзгерістер тек комитеттің құрылымын ғана емес, негізгі қадағалау және бақылау функцияларын да қамтымақ.

Азаматтық авиация комитеті басшылығы ұшуды орындау ережелеріндегі және нормативтік құжаттардағы жоспарланып отырған негізгі өзгерістермен таныстырып, комитет тарапынан әуе кеңістігін пайдалану бойынша заңды бұзушыларға қатаң шаралар қолдану, тіпті пайдаланушының сертификатын қайтарып алу туралы хабардар етті.

Ең басты өзгерістердің бірі - жуық арада ұшу биіктігін өлшеу «футтық» жүйеге көшетін болады. Бұл ретте, шағын авиация үшін қосымша сұраулары бойынша метрлік жүйеде ұшуға рұқсат беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Авиациялық кадрларды даярлау жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар берілді. Кейбір мамандықтар бойынша оқу  бағдарламалары толығымен еуропалық стандарттарға сәйкестендірілген. 

ҚР ИДМ Авиациялық және оқыс оқиғаларды тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов 2017 жылы орын алған бес әуе оқиғасының үшеуінің тергеу қорытындысымен таныстырды. Сонымен қатар, тексеру бойынша қысқартылған есептер міндетті түрде Азаматтық авиация комитетінің сайтында жарияланатыны туралы хабардар етті. 

Өндірістік тәртіп мәселесіне, кішігірім әуе компаниялары мен жекеменшік әуе кемелері иелерінің ұшуды орындау тәртібін сақтауға басты назар аударылды.

Комитеттің ұшу жарамдылығы басқармасының басшысы Тимур Якубов еліміздің азаматтық авиация флотының, шағын авиация ұшақтарының техникалық жағдайына тоқталды. Сонымен қатар, ол жеңіл авиация ұшақтарын сертификаттау ережесіне түзетулер енгізу туралы және жалпы мақсаттағы авиация операторларына ерікті хабарлау жүйесін жасау туралы айтты.

Қатаң есептегі техникалық құжат дубликаттарының берілуіне тыйым салу жоспарланып отыр, сондай-ақ барлық азаматтық авиация пайдаланушыларында AFTN тіркелген байланыс жүйесі міндетті түрде орнатылуы керек. Пайдалануға тыйым салынған әуе кемелерінің тізімі тұрақты түрде азаматтық авиация комитетінің веб-сайтында жарияланып, үнемі жаңартылып отырады.

Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуратурасының тексеру нәтижелері бойынша ұсынымдарға ерекше назар аударылды.

Шағын авиация өкілдері  мен шағын авиация қауымдастығы басшылары өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Мұндай кеңестерді тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.