ҚР ИДМ КӨЛІК КОМИТЕТІНДЕ КІРЕБЕРІС ТЕМІРЖОЛДАРДАҒЫ ҚОЗҒАЛЫС ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚР ИДМ КӨЛІК КОМИТЕТІНДЕ КІРЕБЕРІС ТЕМІРЖОЛДАРДАҒЫ ҚОЗҒАЛЫС ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Іс-шара «Атамекен» ҰКП, «ҚТЖ ҰК» АҚ және тасымалдаушылар өкілдерінің қатысуымен өтті.

2017 жылы көлікті бақылау органдарының аймақтық бөлімшелері 634 (2016 жылы – 220) кәсіпкерді тексерген. Атап айтқанда, 2610 км (2016 жылы – 314,6) кіреберіс жол тексерілді. Тексеріс барысында теміржол көлігіндегі қызметті реттейтін 23 745 (2016 жылы – 9057) нормативті құқықтық актілердің талаптары бұзылғаны анықталды. Нәтижесінде 555 (2016 жылы – 398) кіреберіс жолдың және 446 (2016 жылы – 462) бағыттамалық бұрманың  жұмысы тоқтатылды.

Сонымен бірге, 2017 жылы кіреберіс жолдарда 168 (2018 жылдың 3 айында – 33) қозғалыс қаупсіздігі бұзылған. Жиын барысында осындай фактілердің бірқатары жайында сөз қозғалды.

Осылайша, қаңтар айының 2-і мен 20-сы күндері Жаңа-Семей станциясында бір кіреберіс жолда вагондар жолдан шыққан. 

9-қаңтар күні Конвейерная станциясында бүйірден соқтығысу орын алды. Салдарынан бірнеше вагон зақымданған. Бұл вагондардың 6-мамыр күні Екібастұз – 2 станциясында бүйірден локомотивпен соқтығысуы орын алды. Оның салдарынан 3 жүк вагоны жолдан шыққан.

Вагондардың жолдан шығу мен соқтығысуына жолды кеңейту, бағыттаушы бұрмалардың ақауы, шпалдардың тарамдалып шіруі, машинисттің белгіленген жылдамдықтан асыруы сияқты факторлар себеп болған.  

«Теміржол тармақтары иелері жолдың жоғарғы құрылымы мен бағыттаушы бұрманы тиісті деңгейде күтіп-ұстамайды. Көлік комитеті жіберілген қателіктер мен талапты бұзғандарға заңнамаға сәйкес шаралар қолдануда. 2017 жылы қозғалмалы құрамның жолдан шығып кетуіне себеп болған 199 (2018 жылдың 3 айында – 30) кіреберіс жолдардың иелеріне қатысты жалпы сомасы 24 690 047 (2018 жылдың 3 айында – 2 887 375) теңге әкімшілік айыппұл салынды»,- деді ҚР ИДМ Көлік комитетінің Теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының басшысы Төлеген Асқар.

Кездесу қорытындысы бойынша кіреберіс жолдарда қауіпсіздікті ұйымдастыруға  қатысты бірқатар шешім қабылданды. Көлік комитетінің өкілдері кіреберіс жолдардағы жолдың жоғарғы құрылымын және кіреберіс жолдардағы бағыттаушы бұрмаларды күтіп-ұстау ережелерін әзірлейді. Сондай-ақ, «Теміржол көлігі туралы» ҚР Заңының авария мен апатты оқиғалар болған жағдайда бұзылған қозғалыс қауіпсіздігін тергеуді уәкілетті органның құзыретіне беруге қатысты тұсына өзгертулер мен қосымшалар егізу мәселелері қаралды.