
Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Халықаралық отбасы күні қарсаңында өтіп жатқан «Ауылыма кітап» атты республикалық қайырымдылық акциясы аясында еліміздің барлық өңірлерінде қазіргі заманғы балалар мен жастар әдебиетінің кітаптарын қағаз және электрондық тасымалдағыштарда жинауда.
Аталған іс-шара шалғай жатқан елдімекендердегі өскелең ұрпақтың оқу мәдениетін ілгерілету арқылы жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік бағдарларын қалыптастыруға бағытталған.
Жол активтері ұлттық сапа орталығының қызметкерлері, сондай-ақ, дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында мұқтаж отбасыларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмек көрсетуде.
Мәселен, Орталықтың Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының қызметкерлері қатерлі ісікке шалдыққан жеті жасар Нұрәліні мектепке жинауға көмектесті. Оған мектеп формасы және спорттық киім, туфли мен кроссовки, сондай-ақ, оқуға қажетті барлық құрал-жабдықтарға толы рюкзак сыйға тартылды.
Ал Павлодар филиалының ұжымы 39-шы мектептің бастауыш сынып оқушылары Жұмекенова Аяжан, Сыздықов Ерасыл, Завьяловтардың аға- қарындасына көмек көрсетті: мектеп және спорттық киім, мектепке қажетті кеңсе тауарларын сатып алып берді.
Өскеменде де филиал мамандары «Мектепке жол» республикалық акциясынан тыс қалмады. Қаладағы 4 көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасына көмек көрсетті. Мысалы, бір отбасыдағы бес баланың үшеуі мектеп жасында. Соның біреуі биыл бірінші сыныпқа барғалы отыр екен. Орталық қызметкерлері әрқайсына оқу барысына керек құрал-жабдықтар мен сөмке алып берді.
Маңғыстау облыстық филиалы жалғызбасты ана Ұ.Көшекованың мектеп жасындағы 3 баласына оқу құралдары салынған сөмкелерді сыйға тартты. Филиал ұжымы бірауыздан қаржы жинап, биыл 4, 7 және 9-шы сыныптарға баратын 2 қыз бен ұлды оқуға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті.
Ақтөбе облысындағы филиал қызметкерлері аталған акция аясында №22 және №55 мектептердің 8 оқушысын мектепке толықтай жинады.
Түркістан облыстық филиалының қызметкерлері жаңа оқу жылы қарсаңында қайырымдылық іс-әрекеттер тізбегін жалғастырды. Олар асыраушысынан айрылған бір үйдің үш баласына мектепке қажетті оқу құралдарын сатып алып берді. Бұдан бөлек, мамандандырылған балалар үйіне дәрі-дәрмектер мен дамытатын ойыншықтарды жеткізді.
Қостанай филиалы да игі істен тыс қалған жоқ. Өтегеновтар отбасында 5 бала бар. Олардың үшеуі мектеп жасында. Кішкентай Ұлан биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа бармақ. Филиал қызметкерлері мектепке керек-жарақтарды балалардың анасы Ақниет Өтегеноваға табыс етті. Өз кезегінде көпбалалы ана ұжымға алғысын білдірді.