
ҚР ИИДМ-де ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы директоры, басшысы Агрис Прейманиспен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан Республикасы аумағындағы автожол жобаларын қаржыландыру мәселелерінде өзара ынтымақтастық жайын талқылады.
ИИДМ басшысы мен ЕҚДБ өкілдігінің директоры "5 000 шақырым автожолға арналған IRAP стандарты бойынша жол инфрақұрылымының қауіпсіздігіне талдау жүргізу" жобасы бойынша Министрлікке техникалық көмек көрсету бойынша пікір алмасты.
Агрис Прейманис жеке сектордың қатысуы және автожол саласында жасыл технологияларды қолдану қажеттігі туралы ойын айтты.
Кездесу соңында Бейбіт Атамқұлов Қазақстандағы миссиясын аяқтаған Агрис Прейманиске ризашылық білдіріп, бірлесе атқарған жемісті жұмысы үшін ҚР ИИДМ ұжымы атынан алғыс хат табыс етті.