ҚР ИИДМ-нің Ақтөбе облысын дамытуда атқарып жатқан іс-шаралары туралы

ҚР ИИДМ-нің Ақтөбе облысын дамытуда атқарып жатқан іс-шаралары туралы

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында Ақтөбе облысын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру аясында ҚР ИИДМ атқарып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады.

Министрлік осы жоспардың 36 тармағының 7-і бойынша жауапты орындаушы. Олардың 5-еуі автожол құрылысына, 2-і құрылыс және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық саласына қатысты.

Автожол құрылысы

2025 жылға дейін кешенді жоспар шеңберінде республикалық маңызы бар 505 шақырым автожол ("Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Үлгілі" және "Ақтөбе-Атырау-Астрахань" бағыттарында) және жергілікті жолдардың 20 шақырымдық 2 учаскесі ("Ақтөбе-Орск 8-16 шақырым" және "Оңтүстік айналма жол" 21-ден 35 шақырымға дейін) жөнделіп, реконструкцияланады.

Орындалған жұмыстар есебінен Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жай-күйінің көрсеткіші 100%, жергілікті маңызы бар жолдар көрсеткіші 95%-ке жетеді.

Бұдан басқа, 2025 жылға дейін өңірдің жол бойындағы қызметтің барлық объектілері ұлттық стандартқа сәйкестендіріледі.

Бүгінгі таңда облыста жол бойындағы қызмет объектілерінің 72% (109-дан 77-сі) ғана ұлттық стандартқа сәйкес келеді.

Биыл инвесторлар есебінен Ақтөбе облысында 2 жаңа жанар-жағармай стансасы (GasEnergy және QazaqOil) және 3 санитарлық-гигиеналық торап орнатылады. 2025 жылдың соңына дейін барлығы 12 жанар-жағармай стансасы және 15 санитарлық-гигиеналық торап қызмет ете бастайды.

Құрылыс және ТКШ саласы

Облыс әкімдігі жаппай тұрғын үй құрылысына бөлген аудандарда 11,5 мың жер учаскесі қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл жұмысты 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Коммуникациялардың жалпы ұзындығы - 2 мың шақырым.

ҚР ИИДМ сумен жабдықтау және су бұру секторында Мемлекеттік-жекеменшік жобаларын іске асыру бойынша жол картасын бекітті. Ақтөбе облысының әкімдігіне субсидиялау тетігі шеңберінде кәріз-тазарту құрылысы жобаларын іске асыру жоспары жіберілді.

Қайырбек Өскенбаев Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын уақытылы және сапалы іске асыру үшін ҚР ИИДМ барлық қажетті шараларды қабылдайтынын атап өтті.