
Іздеу жұмыстарының мақсаты – пайдалы қазбалар мен қорларды бағалауға мүмкіндік беретін кен көріністері учаскелерін анықтау.
Солтүстік Ақтан кен көрінісі Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданындағы Алқатерек кентінен 11 шақырым қашықтықта орналасқан кен орны ретінде 1972 жылы анықталған.
«Қазгеология» АҚ геологтары осы учаскеде биылғы сәуірден бастап геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі таңда жер бетіндегі магнитті барлау геофизикалық жұмыстары орындалып, тереңдігі 100 метрде іздеу-бағалау ұңғымаларын бұрғылау жүргізілуде. Қазірдің өзінде, жалпы көлемі 3650 қума метрлік 36 ұңғыма бұрғыланды. Ұңғымаларда қорғасын мен мырыштың минералдануы анықталды.
Алдын ала деректер бойынша Солтүстік Ақтан кен көрінісі скарнирленген жыныстар аймағына жанасқан, құрамында алтын бар қорғасын мен мырыштың минералдануының температурасы төмен кен көрінісі болып табылады.
Осы учаскенің перспективасы дала жұмыстары аяқталғаннан кейін жүргізілетін зертханалық-талдамалық жұмыстардың нәтижелері бойынша белгілі болады.
Іздеу ұңғымаларын бұрғылау Ұлыбританияда жасалған және Қазақстанда оған ұқсас ештеңе жоқ аса жаңа «DANDO» бұрғы станогымен жүргізілуде. Осы бұрғы қондырғысы - көп функциялы, RC бұрғысы, сондай-ақ жерасты суларын да бұрғылауға арналған бұрғылаудың көптеген түрлерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін барлық қажетті тораптармен жарақталған.
Учаскеде тәжірибелі қызметкерлермен қатар Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студентері – практиканттар да еңбек етуде. Осылайша тәжірибелі мамандармен күнделікті қоян-қолтық жұмыс істеу нәтижесінде олар геологиялық барлау жұмыстарына машықтанып, тәжірибе алуда.



