ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӘУЕ ТАСЫМАЛДАУШЫЛАРҒА ҰШУ КЕСТЕСІН ҚАТАҢ САҚТАУ ТАЛАП ЕТІЛДІ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӘУЕ ТАСЫМАЛДАУШЫЛАРҒА ҰШУ КЕСТЕСІН ҚАТАҢ САҚТАУ ТАЛАП ЕТІЛДІ

Биыл 5 айда отандық әуе компаниялар 33 мың 508 тұрақты рейсті орындады. Ал, Қазақстандағы рейстердің тұрақтылығы 86,18%-ды құрады.

Атап айтқанда, «Эйр Астана» - 85,57 %, «SCAT» - 83,7 %,«Бек Эйр» - 98 %,«Qazaq Air» - 79 %,«Жезказган Эйр» - 97,6 %,«Южное небо» - 82,3 %.

Ұшулардың кешігуінің негізгі себептері: алдыңғы кестедегі ауытқуларға байланысты әуе кемелерінің кеш келуі, техникалық себептер, күрделі ауа-райына байланысты, жолаушылар мен жүктерге қатысты, әуежайлардағы қызмет көрсетулерге байланысты.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев әуе компания өкілдерінен бекітілген ұшу кестесін қатаң сақтауды, рейстің болмай қалуына жол бермеуді және резервтік ұшақтарды қарастыруды талап етті. Сонымен қатар, азаматтардың сапарларын жоспарлай алу үшін жолаушыларды уақтылы және сапалы хабардар етуді, рейстердің кешігуі мен болмау қалуы туралы онлайн-ақпараттық жүйені енгізу бойынша қажетті шаралар қабылдауды міндеттеді.  Бұдан бөлек, әуетасымалдаушыларға рейстің кешігуі жағдайында жолаушыларға барлық қажетті қызметтер (қонақ үйде тұру және т.б.) көрсетуді тағы да еске салды.