АСТАНАДАҒЫ LRT ҚҰРЫЛЫСЫНА 16,2 МЛРД. ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

АСТАНАДАҒЫ LRT ҚҰРЫЛЫСЫНА 16,2 МЛРД. ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім еткендей,  LRT жобасын іске асыру үшін 2018 – 2019 жылдарға 16,2 млрд. теңге қарастырылған (2018 жылы 9,1 млрд. теңге, 2019 жылы – 7,1 млрд. теңге).

«Қытайлық компаниялар консорциумының қатысушысы – «China Railway No.2 Engineering Group Co., Ltd» компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия (1-санат) алды және тіреуіш іргетастарды, эстакадаларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Барлық желі бойынша құрылыс объектілеріне 121 ауыр техника мен 2 262 жұмысшы жұмылдырылды. 2018 жылдың 16 маусымындағы жағдай бойынша 80,5% ұңғымаларды бұрғылау тіреуіштері, 35% ростверк, 16,8% тіректер мен бағандар, 10,1% құрама біліктер орнатылды, депо объектілерінде 2 618 тіреуіштер қағылды»,-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, Астана қаласының сыртқы айналма жолдарын тұйықтау мақсатында «Астана қаласының Оңтүстік-Батыс айналма» автомобиль жолын салу жұмыстары жүріп жатыр.

«Автожолдың ұзақтығы – 33 шақырым. Ол 4 жолақтық қозғалысы бар 1-ші санатты жол болып салынады. Жобаға 344 бірлік құрылыс техникасы, 621 жұмысшы жұмылдырылды. Шарт бойынша жолды салу жұмыстары 2017 жылы басталды және жобаны 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр»,-деді министр.  

Бұдан бөлек, Угольная, №14, №12 және Бейсеков (кіші айналма жол) көшелері арқылы өтетін магистралды жолды салу жүзеге асырылуда.

Фото мұрағаттан алынды