ҚАЗАҚСТАН МЕН ТАТАРСТАН ТАУАР АЙНАЛЫМЫН 1 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРҒА ДЕЙІН ҰЛҒАЙТУҒА НИЕТТІ

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТАТАРСТАН ТАУАР АЙНАЛЫМЫН 1 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРҒА ДЕЙІН ҰЛҒАЙТУҒА НИЕТТІ

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов, Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Өнеркәсіп және сауда министрі Алберт Каримов, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және 120-дан астам ұлттық компания мен ірі Қазақстан-Татарстан бизнес ортасының өкілдері қатысты.

«Жақында ғана 15 маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының Татарстан астанасына сапары болды. Ресми сапар аясында Татарстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін арттыру әлеуеті талқыланған болатын. Міне бүгін біз Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда айналымды 1 миллиард долларға арттыруды көздеп отырмыз»,- деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өз баяндамасында «Біз логистика, машина жасау және өнеркәсіп кооперациясы сияқты салалардың даму перспективасын көріп отырмыз. Осы келіссөздердің нәтижесінде осы салалар бойынша келісімдерге қол қойылды. Мұның барлығы екі жақ тараптың іскерлік ортасының үлкен өзара мүдделілігін дәлелдейді»,- деп атап өтті.

Форум барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік академия (Академия ректоры Фатима Жақыпова) мен Қазан федералды университеті арасында (университет ректоры Ильшат Гафуров),  Қазақстанның сыртқы сауда палатасы (Төрағасы Аян Еренов) мен Татарстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында (Төрағасы Шамиль Агеев), «Astana Hub» ИТ стартаптар Халықаралық технопаркі Коктышев Павел) мен «ИТ парк» жоғары технология саласындағы технопаркі арасында (директор Антон Грачев) ынтымақтастық туралы меморандуға және «Семей автоқұрастыру зауыты» ЖШС (Дускужанов Асемкан)  мен  «Ремонтно-механический завод РариТЭК» ЖШҚ (Шпорт Юрий) арасында өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.

«Біз бүгін Татарстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасымен меморандумға қол қойдық. Қол қойылған бұл меморандумның сауда ынтымақтастығын дамытуға, қазақстандық өнімнің экспортына және бірлескен өндіріс орындарын құруға оң ықпал ететінен кәміл сенеміз»,- деп атап өтті Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еренов.