
Кездесу барысында тараптар сауда және инвестициялар, транзиттік-көліктік әлеует, жер қойнауын пайдалану және тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Ерлан Хаиров Ұлыбритания Қазақстанның стратегиялық әріптестерінің және ірі инвесторларының бірі екенін айтты. Ол сондай-ақ экспортты өзара қолдаудың оң динамикасы бар екенін атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға, өзара мүдделі салаларда екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірді.
Министр Грэм Стюарт екіжақты және көпжақты іс-шараларды өткізу арқылы оның ішінде қазақстандық, британдық және қытайлық өкілдердің қатысуымен «Бір белдеу – Бір жол» бастамасы бойынша қарым қатынасты тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.
Тараптар тау-кен және металлургия, жаңа технологиялар, көлік және өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады және Астана қаласында Қазақстан-Британ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысын өткізуге өзара қызығушылық танытты.
Кездесу соңында тараптар өткізілген сұхбат үшін бір-бірлеріне алғыс білдіріп, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын айрықша атап өтті.








