Жол саласының 19 қызметкерінің еңбегі еленіп, кәсіби марапаттар табысталды

Жол саласының 19 қызметкерінің еңбегі еленіп, кәсіби марапаттар табысталды

Бүгін құрылысшы күні қарсаңында ұйымдастырылған республикалық салтанатты жиналыс барысында жолшылардың еңбегі еленді. Оларға  марапаттарды  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев табыстады.   

Карантиндік шаралардың күшейтілуіне байланысты биылғы жылы еңбегімен ерекшеленген мамандарды марапаттау рәсімін онлайн-режимде өткізуге тура келді.

Жол құрылысшыларын кәсіби мерекесімен құттықтай отыра жетекші олардың көлік инфрақұрылымын дамытудағы сүбелі үлесі мен айрықша жауапкершілігін баса айтты:

«Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында республикалық тасжолдар, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар жаңартылып, жақсара түсуде. Жол саласы біздің еліміздің экономикасының нағыз локомотивіне айналуда. Жаңа және сапалы жөнделген тасжолдар мыңдаған адамның өмірін жақсартып, шағын және орта бизнестің дамуына жайлы жағдай жасап келеді» - деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

 Жол салушыларға – ғылым қызметкерлері мен жобалаушыларға,  күре жолдарды салып, жөндейтін, олардың сапасын бақылайтын, қыс пен жазда оларға қызмет көрсететін, біздің үлкен еліміздің әр бұрышында қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ететіндерге вице-министр мықты денсаулық, отбасылық амандық, өркендеу мен толағай жетістіктер тіледі.

Көпжылдық адал еңбегі үшін автожол саласының ардагері Байсат Атаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

«Құрметті жолшы» төсбелгісі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұловқа, «АBK-SAPA" ЖШС директоры Арман Жәкеновке,  «Сине Мидас строй» ЖШС атқарушы директоры Бану Иманқұловаға, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» Ақтөбе және Жамбыл облыстық филиалдарының инженерлері Талғат Бижанов пен Марат Балқыбековке, Ахметжан Бименовке, «Алсим Аларко» АҚ директорының орынбасары Гюнай Гокалпқа, «Қазақавтожол» ЖШС Ақмола облыстық филиалының бөлім басшысы Валентина Ковальжиге, «Қазақавтожол» ЖШС Ақмола облыстық филиалының аға шебері Леонид Гобузовқа, «Қазақавтожол» ЖШС Павлодар облыстық филиалының бас механигі Евгений Гофке және «Қазақавтожол» ЖШС Павлодар облыстық филиалының жол шебері Ирина Козинаға табысталды.

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің еңбегімен ерекшеленген 6 маман министр Б.Атамқұлов қол қойған алғыс хаттармен марапатталды. Қалған ведомстволық наградалар ардагерлер мен үздік жұмысшыларға өңірлерде табысталатын болады.