ТАИЛАНДПЕН АРАДАҒЫ ӘУЕ ҚАТЫНАСЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

ТАИЛАНДПЕН АРАДАҒЫ ӘУЕ ҚАТЫНАСЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

Келіссөздерді Таиландтың авиациялық билік органының Бас директоры Чула Сукманоп (Chula Sukmanop) пен ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев жүргізді. Кездесу барысында тараптар код-шер ынтымақтастығын пайдалану, екі жақтың аумағында ұшу-қону пункттері, ұшу қауіпсіздігі және басқа да мәселелерді талқылады. Қазіргі уақытта екі ел арасындағы әуе байланыс «Эйр Астана» әуе компаниясы аптасына 5 рет орындайтын Алматы – Бангкок (қыста аптасына екі рейс қосылады) және аптасына 3 рет орындайтын Астана – Бангкок тұрақты тікелей рейстері арқылы орнатылған. Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қазақстандық «Эйр Астана» әуе компаниясы үшінші елдердің әуе компанияларымен код-шер уағдаластықтар жасасу құқығына ие болды. Жаңа тәртіп қазақстандық жолаушыларға осы бағытта жаңа мүмкіндіктер ашып, еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал етеді.