
Инвесторлар көбінесе салық, кеден және миграциялық заңнамаға қатысты, сондай-ақ, лицензиялау мен жер қатынастары салаларында туындайтын қиындықтармен бетпе-бет келіп жатады. Инвестициялық амбудсменнің негізгі қызметі Қазақстанда инвестициялық қызмет атқарып жүрген инвесторлардың туындаған мәселелері бойынша өтініштерін қарау және олардың шешілуіне, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға қатысты ұсынымдар әзірлеу.
2018 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша инвестициялық амбудсменге 25 өтініш келіп түскен. Олардың үшеуі бойынша тиісті шара қабылданып, мәселелер инвесторлардың пайдасына шешілген. 16 өтініш бойынша оларды шешу жөнінде ұсынымдар енгізілді (түсініктемелер берілді, тиісті құрылымдармен кездесулер өткізілді және т.б.), 6 өтініш инвестициялық амбудсменнің құзіретіне кірмеді.
Отырыс соңында салық, кедендік әкімшілендіру, электр энергетикасы және жер учаскелерін беру салалары бойынша қаралған проблемалық мәселелерді шешу жөнінде мемлекеттік органдарға ұсынымдар берілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының салық және кедендік заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныс енгізілді.