ҚР ИДМ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЗАҢНАМАҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗЕДІ

ҚР ИДМ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЗАҢНАМАҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗЕДІ

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту департаменті директорының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімовтың айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реформалау мақсатында министрлік «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.

Заң жобасында үш Кодекс пен Қазақстан Республикасының 12 заңына өзгерістер енгізу көзделген. Олардың ішіндегі концептуалды түзетулерді атап өту қажет:

1. әр көппәтерлі үйде меншік иелерінің бірлестігін коммерциялық емес ұйым түрінде құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеу;

2. пәтер иелері мен жергілікті атқарушы органдардың, басқару органдарының, менеджерлер мен сервистік компаниялардың өзара қарым-қатынасын реттеу үшін тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру;

3. эксплуатациялық шығындардың ең төмен мөлшерін белгілеу;

4. тұрғын үйлерді ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы жинау тетіктерін регламенттеу;

5. жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту:

- әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы қауіпті техникалық құрылғылардың қауіпсіз жұмыс істеуін, газды, газбен жабдықтау жұмыстарын бақылауды жүзеге асыру үшін қосымша өкілеттіктер;

- қаланың бірыңғай архитектуралық келбетін қалыптастыруға, жөндеу жұмыстарын және лифтілерді ауыстыруды қаржыландыруға бағытталған шығындарды меншік иелері бірлестігіне қатысушылардың кейін өтеу мүмкіндігі;

- апатты жағдайдағы көппәтерлі тұрғын үйлерді сыруды ұйымдастыру;

6. тұрғын үй-құрылыс коопреативтерінің қызметтерін реттеу.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның негізгі жаңалықтарының бірі тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу.

«Жүйе ТКШ саласында бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Яғни, қызмет көрсетуші компания мен тұрғын үй иелері арасындағы өзара қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, олардың қаражатты жұмсауын және басқарушы компаниялар мен энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындардың қызметін бақылайды. Барлық алынған ақпараттар саланы тиімді басқару үшін мемлекеттік деңгейде талданады және халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасына тікелей әсер етеді», - деді «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов.

Заң жобасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, депутаттық топтың, Үкіметтің және ҚР Президенті әкімшілігінің тапсырмалары бойынша меншік иелері, сервистік ұйымдар мен басқарушы компаниялар арасындағы қарым-қатынастардың ашықтығын қамтамасыз ететін және тұрғын үйлерді ағымдағы және күрделі жөндеуге қаражат тарту тетіктерін реттейтін дөңгелек үстелдер қорытындысы бойынша жасалған барлық ұсыныс ескерілді.

Бүгінгі күні заң жобасы ҚР Президенті әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі кеңсесі заң бөлімінің ескертулері есепке алынып, толықтырылды және барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді.

Заң жобасы Мәжіліске биыл қыркүйек айында заң жобалары жұмыстарының жоспарына сәйкес енгізіледі.