ҮКІМЕТТЕ ТКШ САЛАСЫН РЕФОРМАЛАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАРАЛДЫ

ҮКІМЕТТЕ ТКШ САЛАСЫН РЕФОРМАЛАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАРАЛДЫ

Министрдің айтуынша,  бірқатар тұжырымдамалық түзетулер ұсынылып отыр. Атап айтқанда, тұрғын үйлерді ағымдағы және күрделі жөндеуге қаражат жинау тетіктерін регламенттеу, басқару органдары қызметін тұрғындардың  бақылауын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегін автоматтандыру және түгендеу, жергілікті атқарушы органдар бекітетін пайдалану шығындарының ең төмен мөлшерін белгілеу.

Сондай-ақ, Заң жобасында Атқарушы органда, қызмет көрсетуші субъектілерде, басқарушы компанияларда және мемлекеттік органдарда меншік иелерінің құқықтарын, міндеттері мен жауапкершіліктерін регламенттейтін көппәтерлі тұрғын үйлерде «Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымының жаңа формасын құру мәселесі де қарастырылған.

«Заң жобасы аясында жергілікті атқарушы органдарға қосымша құзірет бөліп беру де қарастырылған. Мәслен, қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін жасау үшін қасбеттерді, шатырларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен жөндеу, су басу қаупі бар аймақтардағы тұрғын үйлердің беріктігін көтеру, лифтілерді жөндеу және ауыстырумен байланысты шығындарды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қайтарымды негізде мүліктің меншік иелері бірлестігі қатысушыларының әрі қарай өтеуі, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына жер учаскесін қоса тіркеу, газ, газбен жабдықтау саласындағы бақылауды және әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалануды қадағалау, авариялы көппәтерлі тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру сияқты мәселелер қамтылған», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, заң жобасында тұрғын үй және тұрғын үй құрылыс кооперативтерінің қызметін жетілдіру қарастырылған. Құқық қолдану практикасы көрсеткендей, құрылыс компаниялары «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңы нормаларын сақтамай, «үлестік» тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құру арқылы азаматтардың қаржысын тартып келген.

«Заң жобасында қаржылық пирамидалардың құрылуын болдырмау мақсатында азаматтардың бірігу нысаны ретінде тұрғын үй кооперативтерін тарату, бір ғана көппәтерлі тұрғын үйді (кешенді) салу үшін құрылатын тұрғын үй құрылыс кооперативтерін қалдыру, тұрғын үй құрылыс кооперативтері мүшелерінің саны салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер санынан асырмау қарастырылған. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс кооперативтері көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуге тек мемлекеттік тіркеуден кейін және мемлекет жалға немесе меншік құқығына берген құрылыс салуға арналған жер учаскесі болғанда ғана құқылы болады», - деді министр.

Фото мұрағаттан алынды